Өскеменде жалпы құны 43 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Ал, келесі жылы өңірде тағы 8 инвестжоба жүзеге асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов облыс орталығының тұрғындарымен кездесу өткізіп, бірқатар саланың даму жоспарын таныстырды. Кездесу барысында қала тұрғындары өңір басшысына өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Жиын барысында облыс әкімі аймақта жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларға тоқталды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласын дамыту, энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, туризмді дамыту, интернетпен қамту, білім беру нысандарын салу секілді басым бағыттарға ерекше назар аударылды. Өскемен қаласын дамытуға арналған жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейінгі бюджет 193,6 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 744,4 миллиард теңге — жеке инвестициялар. Жоспар аясында қала мен аудан әкімдері арасында KPI-меморандумдарға қол қойылған. Облыс әкімі жауаптыларға барлық жұмыстарды сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды. Бұдан бөлек, былтыр 4,6 миллиард теңгеге жуық қаржыға 50 шақырымға жуық жол жөнделсе, биыл 6,6 миллиард теңгеге 71 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілген.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Жалпы алғанда, 268 елді-мекенде облыс халқының 98 пайызға жуығы интернетке қол жеткізген. Жыл соңына дейін желіге қосымша 23 ауыл қосылады...
Өңір басшысының айтуынша, соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша облыста негізгі көрсеткіштердің басым бөлігінде оң динамика байқалады. Биыл аймақта жиырма бес мың жұмыс орны құрылған. Оның он тоғыз мыңы — тұрақты. Жалпы өңірде 53,2 миллиард теңгеге сегіз инвестициялық жоба іске асырылса, Өскеменнің өзінде 43 миллиард теңгеге төрт жоба жүзеге асқан. Кездесу барысында тұрғындар көкейде жүрген мәселелерін ашық айтып, сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Басқосуда талқыланған бір мәселе — қаңғыбас иттердің көше кезіп жүруі.
Облыс әкімі бұл мәселенің туындауына көбіне үй жануарларын асырап алып, ізінше қараусыз қалдырып кететін иелердің жауапсыздығы себеп болып отырғанын атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Биыл бұл бағытқа 90 миллион теңге бөлінді, ал келесі жылы шамамен 100 миллион теңге қарастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл қаржы вакцинация мен стерилизация жұмыстарын жүргізуге бағытталады. Ең басты мәселе — жануарларды стерилизациялау.
Жалпы талқылаудан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауда тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы туралы сауал жолдады. Негізгі мәселе - ауланы абаттандыру жұмыстары. Облыс әкімі бұл бағдарлама аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатынын айтты. Қазіргі таңда қала әкімдігі эскиздік жобалар мен сметалық есептерді пысықтап жатыр. Ал ,«Металлург-2» бау-бақша серіктестігінің тұрғындарын көшелерді жарықтандыру мәселесі алаңдатады.
Облыс әкімі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының 2026 жылға арналған жоспары бойынша бау-бақша серіктестіктерінде көшелерді жарықтандыру жұмыстары тұрғындардың бастамасымен кезең-кезеңімен жүргізілетінін хабарлады. Алдын ала есеп бойынша, «Металлург-2» серіктестігінде 60 жарық бағанасын, ал «Энергетик» бау-бақша серіктестігінде 54 бағана орнату қажет. Сонымен қатар, саяжай алқаптарындағы өзге де бірқатар мәселелер қолға алынған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл мәселені депутаттық корпуспен бірлесе отырып пысықтаңыздар. Біз саяжай аумақтарындағы барлық түйткілді жоспарлы түрде шешуіміз керек. Ең алдымен — электр және сумен қамту мәселесі бірінші орында. Ал жол жағдайын да қарап, мүмкін болған жерде микроавтобустар қатынай алатындай кеңейтеміз.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі салалық басқарма басшыларына нақты тапсырма беріп, тұрғындар тарапынан көтерілген өтініштер бақылауда болатынын айтты. Алдағы уақытта да мұндай кездесулер жалғасын тауып, жергілікті билік өкілдері қала тұрғындарымен ашық форматта маңызды мәселелерді талқылап, жедел шешім қабылдауға ниетті.
Фатима Тілейханқызы