Облыс орталығын думанға бөлеген «Туған жер – алтын бесігім» жобасы мәресіне жетті. Қорытынды гала-концерт көрерменге мазмұны бай, әсерлі мәдени бағдарлама ұсынып, өңір өнерпаздарының шығармашылық жетістіктерін бір арнаға тоғыстырды.

 «Туған жер – алтын бесігім» жобасы өңірдің мәдени әлеуетін арттырып, жергілікті өнерпаздарды кеңінен танытуға бағытталған. Ауқымды шараға облыстың 11 аудан, 1 қаласы қатысып, өңірдің шығармашылық әлеуетін кеңінен танытты. Гала-концертте аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, жобаның маңызына тоқталды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгін Шығысымыздың төрінде сән-салтанаты жарасқан керемет кеш өтті. «Туған жер – алтын бесігім» жобасы өзінің мәресіне жетіп отыр. Соңғы 3 айда әр аптаның жұманың кешкілік өнер сүйер қауым осы концерт залына асыға келді. Бәріміз де асыға күтіп керемет өнерпаздарымыздың өнеріне сүйсініп, шөліркеп қалған көңіліміз сусындап керемет бір рахат күй кешкеніміз рас. Бүгін енді керемет көрініс, гала концерт көрсетілді.

Жоба жыл бойы өңірдің қалалары мен аудандарын біріктірді. Сондай-ақ, шығыстың өзіндік ерекшелігін көрсетуде тәжірибе алмасу алаңына айналды. Шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, ауданаралық байланыстарды нығайтып, мәдени орта құруға айтарлықтай септігін тигізді.

Дәурен Әбенов, ШҚО филармониясы директорының орынбасары:

 «Туған жер - алтын бесігім» жобасы биыл үшінші рет болып жатыр. Бұл әрине үшінші жыл дәстүрлі түрде өтіп жатқан байқау. Бұл енді әр аудан өзінің мықты деген өнерпаздарын осы жерде облыс жұртшылығының алдына келіп, паш еткізіп, үлкен сахнада ауданның өнерін көрсететін болады. Және де үшінші жыл өтіп жатқандықтан қазіргі таңда өнерпаздардың да кәчіби деңгейі шыңдалып, өздерін жоғары биіктерден көрсетіп жатыр.

Ауқымды кеште аудан мен қаланың үздік солистері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Оларға Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының әртістері қосылды. Концерттік бағдарлама вокалдық және хореографиялық нөмірлерді, халық өнері мен заманауи сахналық өнерді біріктіріп, аймақтың мәдени дәстүрлерінің байлығын көрсетті.

Нұрқуаныш Қапақ, Бозанбай ауылдық мәдениет үйінің қызметкері:

Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады деген сияқты барлығы да ат салысты, оған өзінің үлесін қосты. Сондықтан барлық өнерпаздар өзінің барын салды. Сол өнерге куә боларсыздар.

Жыл бойы әр ауданның мерекелік шараларынан қалыс қалмай тұрақты түрде келіп жүргендердің бірі - зейнеткер Жазира Толықбаева.

Жазира Толықбаева, көрермен:

Әрқашанда осы жібермей келіп, қатысып тұрамыз. Балалар әкеліп тұрады. Үйде отырғаннан кейін бос уақытымыз көп. Немерелерге ғана қараймыз. Бос уақытымыз көп, жүреміз осылай.

Жоба қорытындысы бойынша бас жүлде Күршім ауданына бұйырды. Бірінші орын Тарбағатай ауданы еншілесі, екінші орын Ұлан, ал үшінші орынға Марқакөл ауданы табан тіреді. Аймақ басшысы көпшіліктің көзайымына айналған бұл жобаның келер жылы да жалғасын табатынын айтты.

Аяулым Усинова