Облыс спортшылары Дубайдағы V Жасөспірімдер Азия Параойындарынан жеңіспен оралды. Жүлжегерлерді туған -туыстары мен жерлестері қуанышпен қарсы алады. Спортшылардың жеңісі – көп жылдық жүйелі еңбектің, күн сайынғы қажырлы дайындықтың, нақты мақсатқа бағытталған табандылықтың нәтижесі.
Жоғары нәтижеге қол жеткізуде жаттықтырушылар Оксана Макарова мен Евгений Сизинцев ерекше рөл атқарды. Олардың қолдауы мен әдістемелік жұмысы спорттық табыстың негізіне айналды.
Оксана Макарова, жаттықтырушы:
Биыл бірнеше жарыстар болды. Барлығы нәтижелі. Біздің төккен тер ақталды деп ойлаймын. Виктор 3 алтын, 1 күміс. Матвей 2 күміс қанжығасына байлыды. Қуаныштымыз.
Евгений Сизинцев, жаттықтырушы:
Қазақстандық командалар арасында параплавание ең көп медаль әкелді. Барлығы сәтті өтті. Еліміз 34 медальді қанжығаға байлады. Жалпы есеппен алғанда ең көп медаль иеленген біз болдық.
Жас спортшылардың жетістігі – жеңістің, үлкен еңбектің, үздіксіз дайындықтың және өз мақсатына деген адалдықтың айқын көрінісі. Халықаралық жарыста Виктор Волков су спорты түрінен жоғары нәтижеге қол жеткізді. 50 метр, 100 метр және 400 метр қашықтықтарда еркін стильде жүзуден үш бірдей алтын медаль иеленіп, Азия чемпионы атанды. Бұдан бөлек, 100 метр баттерфляй әдісінде күміс жүлдеге қол жеткізіп, өзінің жан-жақты дайындығын дәлелдеді.
Бұл жеңіс аймақта параойындарының спортты дамыту ісіне тың серпін бермек. Жас спортшылардың табысы көптеген балалар мен жасөспірімдерге шабыт сыйлап, қызығушылықтарын арттырары сөзсіз.
Сая Жарасқызы