Өскеменде Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті. Орталық алаңда түрлі этнос өкілдерінен құралған 200-ге жуық домбырашы мен 300 биші бір мезетте өнер көрсетіп, мерекенің көркін қыздырды.
Қаланың қақ ортасында бес жүзге жуық өнерпаз бір уақытта өнер көрсетіп, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады. Бұл шара «Бірлігі жарасқан - Қазақстан» атты мерекелік бағдарлама аясында өтті. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктер концерт қойып, көрмелер ұйымдастырды. Түрлі ұлт өкілдері ұлттық киімін киіп, өз салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстырды.
Ануар Булашбаева, зейнеткер:
Барлығымыз бірлікте, тату-тәтті, ұзақ өмір сүрудеміз. Біз сияқты зейнеткерлер немерелерін әкеліп, барлығын көрсетуде. Тек қана жақсылықта өмір сүре берейік. Барлық елдердің ұлт өкілдерінің мейрамдары ұзағынан болсын. Қандай бақытты өмір сүріп жатырмыз, біздің Қазақстанда.
Мерекелік жиында сөз алған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл күннің маңызына тоқталды. Аймақ басшысы өңір тұрғындарының татулығы мен бірлігін ерекше атап өтті. Себебі, Шығыс Қазақстан - еліміздегі түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған аймақтарының бірі.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мемлекетіміздің барлық жетістіктері шын мәнінде берекелі біздің бірлігімізде, әрбір қазақстандықтың күндіз түні талмай жасаған еңбегіне тікелей байланысты.
Салтанатты шаралар ары қарай Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында жалғасты. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінің тағамдары таныстырылып, ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды.
Рустам Зулфиев, Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының ШҚО бойынша филиал төрағасы:
Біз ұлтқа бөлінбейміз. Қазақстанда қанша ұлттар өмір сүріп жатыр бір шаңырақтың астында, бір әке-шешенің баласындай өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанымыз әрқашан гүлдей берсін. Қазақстан тек қана алға.
Мейрам «Достық толқынында» атты студенттер фестиваліне ұласты. Мерекелік шараға қаладағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері белсене қатысты. Жиын талантты жастардың басын қосып, бірлігін нығайтуға мүмкіндік берді.
Айдос Әділбеков, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Фестивальдің басты мақсаты жастардың шығармашылығын қолдау, соныменқатар Заң мен тәртіп қағидатын жастардың шығармашылығы арқылы дәріптеу болып табалады.
Мереке аясында орталық алаңдағы әуенді субұрқақ та іске қосылып, жаңартылған репертуармен көрерменге жол тартты. Енді мұнда классикалық шығармалармен қатар қазақ күйлері мен заманауи эстрадалық әндер де орындалады.
Бекарыс Секен