Риддерліктерде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін кең көлемде атап өтті. Салтанатты шара аясында концерттік бағдарламалар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен тағылымды кездесулер өтті. Осылайша жергілдікті қауым ел ішіндегі татулық, бірлік пен достықты дәріптеді.
Қала тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Осылайша түрлі этнос өкілдері ұлттық дәстүр мен мәдениетін танытқан жарқын нөмірлерін көрсетті. Риддер әкімі Думан Рахметқалиевтің айтуынша, бұл күні қоғамдық және этномәдени бірлестіктерге ерекше назар аударылды.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
Салтанатты шара аясында қоғамдық бірлестіктер мен этномәдени орталық өкілдері марапатталды. Бұдан бөлек бірлестік өкілдері тұрғындар назарына концерттік бағдарламаларын ұсынып, өз мәдениетімен таныстырды.
Мерекенің негізгі алаңдарының бірі сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі болды. Қатысушылар қолдан жасалған бұйымдарын келушілер назарына ұсынды.Көрмеге жұмсақ ойыншықтардан бастап дамытушы кітаптар, суреттер мен әшекей қорапшаларына дейін қойылды.
Ирина Эктова, сәндік-қолданбалы өнер шебері:
Біз Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтудеміз. Риддер қаласындағы Достық үйінің «Шеберлер қаласы» студиясы жәрмеңкеге қатысып отыр. Қолөнер шеберлерінің түрлі бұйымдарын ала келдік. Мен жұмсақ ойыншықтар, фетрден жасалған дамытушы кітаптар және балаларға арналған түрлі оқу құралдарын жасаймын. Баршаңызды мерекемен құттықтап, әр отбасыға бейбітшілік, береке және амандық тілеймін.
Мерекеде тұрғындар түрлі халықтардың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Қонақтар үшін ерекше тартымды сәттердің бірі «Әр кадрдағы бірлік» атты фотозоналар байқауы болды. Іс-шараға қоғамдық ұйымдар да белсене қатысты. «Сенікі, менікі, біздікі» бірлестігінің өкілі Александра Никонова ерекше балалар тәрбиелеп отырған отбасыларды қабылдау, оларға қоғамда тең көзқарас қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Александра Никонова, «Твои, мои, наши» қоғамдық бірлестігінің өкілі:
Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, бақ-береке, махаббат және бейбіт аспан тілеймін. Біз тату-тәтті елде өмір сүріп жатырмыз.
«FAVORIT STAR» театр студиясының қойылымдары мерекенің ажарын аша түсті. Ал қатысушылар Қазақстан халқының көпұлтты бірлігін айшықтап, қала тұрғындарын әртүрлі тілдерде құттықтады.
Светлана Морозова, «FAVORIT STAR» театр студиясының жетекшісі:
Мереке жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бүгін менің шәкірттерім Риддер қаласын әртүрлі тілдерде құттықтады. Достық үйінің атынан барлығы ұлттық киім киіп, өте әдемі болып шықты.Театралдық студияның жетекшісі ретінде мені де мерекелік күні марапаттап, ынталандырды.
Шуақты ауа райы мен көтеріңкі көңіл күй мерекенің шырайын кіргізіп, қала тұрғындары мен қонақтарына шаттық сыйлады.
Аяулым Усинова