Облыс орталығында Өскемен қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Жиында 2026-2028 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы қаралып, алдағы үш жылға жоспарланған негізгі қаржылық бағыттар нақтыланды. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Мақсат Шәкіров шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Биыл қала экономикасының басым салаларында оң өсім байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,1 пайызға артса, инвестициялар - 30,7, құрылыс - 11,3 пайызға өсті. Бөлшек сауда айналымы мен шағын және орта бизнес көрсеткіштері де жоғарылаған. Ал, өнеркәсіп саласында өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 94,4 пайызға жеткен.

Мақсат Шәкіров, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім мен қызметтердің үлес салмағы 46% құрады. Шағын бизнесте 103 мың қызметкер немесе қаланың барлық жұмыспен қамтылған халқының 56% жұмыс істейді. 11 ай ішінде шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін түсімдер 2024 жылғы деңгейге қарағанда 54,1%-ға өсіп 162,1 млрд. теңгені құрады. Қала бойынша бюджетке түсетін жалпы түсімнің үлесі – 48,2% құрады.

Қала дамуына биыл 341 млрд. теңге инвестиция бөлінген. Оның 223 млрд. теңгесі - жеке инвестициялар. Нәтижесінде, қалада бірқатар ірі нысандар пайдалануға берілді. Ал келер жылы жалпы құны 46,9 млрд. теңгені құрайтын сегіз инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Мақсат Шәкіров, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

2025 жылдың басынан кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасы аясында 6,3 млрд. теңгеге 53 жоба субсидияланды, несие бойынша 64 жоба кепілдік алды, несиенің жалпы сомасы 9,9 млрд. теңге.«Медсервис ПЛЮС» мекемесі сауда-өндірістік кешенін салу жобасын іске асырды, осылайша қалада алғашқы «А» класты фармацевтикалық терминал пайда болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдаудың, өңдеудің, сақтаудың және өткізудің заманауи инфрақұрылымын қамтыған «Алтай» көтерме-тарату орталығы ашылды.

Бұдан бөлек жиында қала бюджетінің жобасы қаралды. 2026 жылы шаһардың меншікті кірістері 177,8 млрд. теңге көлемінде жоспарланып отыр. 2027 жылы бұл көрсеткіш - 197,8, ал 2028 жылы 205,7 млрд. теңгеге жетпек.

Елена Литвинова, Өскемен қ. экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

Жалпы, 2026 жылға арналған қала бюджеті әлеуметтік бағытты ескере отырып, басым бағыттар бойынша қажетті ресурстарды тиімді пайдалану және бюджет қаражатын үнемдеу қағидаттарына сай қалыптастырылды.

Депутаттар ұсынылған бюджеттік жобаны талқылап, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Жиын қорытындысы бойынша қала дамуына бағытталған маңызды шешімдер қабылданды.

Бекарыс Секен