Аймақта құтқару қызметінің техникалық паркі жаңа су көліктерімен толықты. Өңірдің табиғи жағдайларын ескере отырып, облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне заманауи құтқару қайықтары берілді. Жаңа техника таулы аймақтағы өзендерде жедел қимылдауға мүмкіндік береді.

Жаңа техника географиясы күрделі, жетуі қиын аумақтарда іздеу-құтқару жұмыстарын жедел атқаруға арналған. Мысалы, Фрегат-470 қайықтары таулы өзендер мен таяз суларда қауіпсіз әрі сенімді қозғалуға сеп.

Евгений Егоров, ШҚО ТЖД Шұғыл-құтқару жасағы басшысының орынбасары:

Бұл қайықтардың артықшылығы – таяз суларда еркін қозғала алады. Сондай-ақ бізге күрделі су айдындарында қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуге жағдай жасайды. Таулы өзендердегі ағындар өте күшті, жағалаулар көбіне қолжетімсіз. Бұл осы мәселелерді еңсеруге мүмкіндік береді.

Құтқару қызметінің қарауына жалпы қуаты 500 ат күшіне тең екі қозғалтқышы бар заманауи су көліктері берілді. Ол байланыс құралдарымен, толық жабдықталған. Бұдан бөлек, техникалық парктің жаңартылуы жедел қызметтердің дайындық деңгейін арттырып, су айдындарында қауіпке тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Бекарыс Секен