Облыс орталығында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен Аймақтық талдау орталығының таныстырылымы өтті. Жобаны шығыстағы цифрландыру және архивтер басқармасы әзірлеген. Жаңа платформа өңірде тіркелген түрлі оқиғаларды нақты уақыт режимінде көрсетіп, құзіретті органның жедел қимылдауына мүмкіндік береді.
Жаңа жүйенің арқасында бюджет шығынын азайтып, жылу, жол және мердігерлер жұмысын қашықтан бақылауға болады. Жылу көздеріне орнатылған өлшеу құрылғылары минут сайын температура, қысым, су шығыны және отын қоры туралы деректерді жіберіп отырады. Көрсеткіштер қалыпты деңгейден ауытқыса, бірден дабыл қағады. Сонымен қатар жоба авторларының айтуынша, тәуекелдерді анықтай алатын және дауыс арқылы нақты нысан жөнінде ақпарат беретін ЖИ-ассистент іске қосылған. Қоқыс пен қар тазалау да толық бақылауда: техника қайда, қашан және қанша уақыт жұмыс істегенін, қандай көлемде қызмет көрсетілгенін, тұрғындардың шағымдары бар-жоғын көруге болады. Пилоттық режимде 50 қоқыс алаңына QR-кодтар орнатылған. Тұрғындар қоқыс шығару жұмыстарында кез келген заңбұзушылық туралы бірден хабарлай алады. Қазіргі уақытта облыстағы 9 басқарманың цифрлық реестрері қалыптасқан. Екі мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Гүлназ Ахметова, Облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының бөлім басшысы:
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде цифрлық технологиялар мен ЖИ кезең-кезеңімен енгізілуде. Өңірлік аналитикалық орталықтың негізгі мақсаты облыс тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін салалардағы жағдайды жедел бағалау. Қазіргі уақытта орталық базасында ТҮКШ және қауіпсіздік салалары бойынша жедел мониторинг жүргізілуде. Атап айтқанда, ауа сапасын, су тасқыны деңгейін және де жол-көлік саласында 109 бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен өтініштерді орындау саласында, 112 қызметіне түскен өтініштерді қарастыру саласында қызметін атқаруда.
Экологиялық ахуал да тәулік бойы бақылауда. Өскеменде шағын аудандар мен өнеркәсіптік аймақтарды қамтитын 25 автоматтандырылған ауа сапасын бақылау бекеті жұмыс істейді. Жүйе ауа сапасын 13 параметр бойынша үздіксіз өлшейді. Осылайша, ластану деңгейін нақты уақыт режимінде көруге болады. Бұдан бөлек, гидробекеттерді автоматтандыру да қолға алынды. Датчиктер су деңгейін, ағыс жылдамдығын және мұздың жай-күйін бақылайды. Осы деректер негізінде жасанды интеллект су тасқынын болжай отырып, қауіп-қатер туралы алдын ала ескерту жасай алады. Жол-көлік оқиғалары, қылмыстық ахуал, бейнебақылау камералары мен жедел қызметтердің деректері жылдам тіркеліп, құзырлы органдарға уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қауіпсіздік мәселесі, сондай-ақ тұрғындардың әл-ауқатын көтеру. мен айтар едім мысалы мектеп жанында бір күдікті кісі біраз уақыт ары-бері жүрді, оны сол видеофиксация арқылы ол кім, неге жүріп жатыр, ол жақта тұра ма, тұрмай ма, жаман ойы бар ма соны бірден біліп, жақын жердегі полиция пунктіне хабарлама береді. Немесе бір машина күдікті болып тұрса. Неге тұр? Басқа ойы болуы мүмкін бе? Соның барлығын бұл талдау орталығы белгілі уақытта қарап, тиісті шешімдерді қабылдау үшін ІІД тиісті органдарға құзіреттілігіне байланысты жіберіп отырады.
Келесі жылы облыста көпфункционалды ұшқышсыз ұшу аппараттары паркі іске қосылады. Олар жол-көлік оқиғаларын тіркеп, 3D-модельдер жасауға,іздестіру-құтқару жұмыстарына,жылу желілерін және қолжетімсіз аумақтарды бақылауға пайдаланылмақ.
Қымбат Иманғали