Жаңа жыл қарсаңында облыста «Алматыкітап баспасы» қайырымдылық акциясын өткізді. Игі бастама аясында өңірдегі мектептерге 40 дана «TopIQ-MobilBox» білім беру станциясы табысталды. Қолдау шағын жинақты мектептерге, сонымен қатар, шалғай елді мекендерде орналасқан білім беру ұйымдарына көрсетілді.
Жаңа жабдық ауылдық жерлердегі балалардың оқу сапасын арттырып, білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге сеп. Білім беру станциялары заманауи цифрлық ресурстармен және интернетке қосылмай-ақ жұмыс істейтін жасанды интеллект құралдарымен жабдықталған. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл цифрлық жаңашылдықтар білім беру үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Мария Солтанғазина, «Алматыкітап» баспасының редакторы:
Еліміздің 20 өңіріндегі шет аймақтағы және шағын аймақтағы мектептерге 1000 білім беру станциясын сыйға тартуда. Бұл бастама Қарағанды, Ұлытау облыстарында бастау алып, Астана, Алматы және еліміздің барлық облыстарында өтуде. «TopIQ-MobilBox» құрылғысы бұл мұғалім, оқушы үшін білім беру құрылғысы оқушы мен мұғалімге көмекші құрал.
Білім беру станциясында қазақ және орыс тілінде 395 оқулық пен көркем әдеби басылымдары енгізілген. Сондай-ақ, бейнематериалдар, аудиоконтент, мультфильмдермен қатар интербелсенді тапсырмалар жүктелген. Бағдарламадағы қамқор интелектуалдық құрылғысы ұстаздарға қысқа мерзімді жоспар жазуға көмектесіп, жаңа сабаққа арналған оқу материалдарын жылдам қабылдауға мүмкіндік береді. Заманауи цифрлық білім беру станцияларының енгізілуі оқушылар мен мұғалімдер үшін оқытудың жаңа форматтарына жол ашады.
Ирина Кузнецова, Алтай ауданы Леснопристан орта мектебінің директоры:
Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жағынан қалалық мектептермен салыстырғанда мүмкіндіктері шектеулі екені жасырын емес. Сондықтан бұл қолдау біз үшін өте маңызды. Бұл балаларымыздың дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Құрылғыны сабақтан тыс уақытта да, сабаққа дайындық барысында да тиімді қолдануға болады. Өйткені оның ішінде қажетті барлық платформалар қамтылған: «Күнделік», түрлі бейнематериалдар, мультфильмдер бар. Бұл мазмұн барлық жастағы балаларға пайдалы болады.
Жоба оқу үдерісінің сапасын арттырып қана қоймай, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуды мақсат етеді. Ауылдық және шалғайдағы мектептер үшін жобаның маңызы ерекше. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта басқа өңірде ацияның жалғасатынын атап өтті.
Қымбат Иманғали