С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген 2025 оқу жылындағы білім беру, ғылым және халықаралық ынтымақтастық бағыттарында атқарылған жұмыстардың қорытындысын жұртшылық назарына ұсынып, алдағы стратегиялық міндеттерді айқындады. Қазіргі таңда оқу орны 154 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлайды. Оның 91 пайызы жаңартылып, оқыту үдерісі өңірдің әлеуметтік-экономикалық сұранысына сәйкестендірілген.
Есептік кездесуде 2025 оқу жылында университеттің білім беру мазмұнын жаңғыртуға басымдық бергені айтылды. Бұл өзгерістер еңбек нарығына бейім, бәсекеге қабілетті кадр қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылды.
Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:
Президент тапсырмасына сай AI-Sana бағдарламасы іске асырылуда. Оның негізгі мақсаты – студенттерге жасанды интеллектті өз мамандығында тиімді қолдануды үйрету, сондай-ақ оларды стартап құруға және кәсіпкерлікке баулу.Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады: онлайн оқу курстары,жасанды интеллект пен кәсіпкерлікті жобаларда қолдану,жобаларды менторлармен бірге жетілдіру,үздік идеяларды толыққанды стартапқа айналдыру. Қазіргі таңда университетімізде 10 мыңнан астам студент жасанды интеллект курсын сәтті аяқтады, ал ондаған оқытушы арнайы сертификат алды. Бұдан бөлек, оқу үдерісін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, Platonus платформасына көшу жүзеге асырылуда.
Биыл университетте ғылымды дамыту мен академиялық адалдықты нығайту жүйелі түрде жүзеге асырылды. Соңғы үш жылда ғылыми зерттеулерге бөлінген қаржы 4,6 млрд. теңгеге жетіп, ғалымдардың жалақысы екі есеге артқан. Бұл білім мен ғылым сапасын арттыруға бағытталған.
Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:
Қазіргі демографиялық өсім жағдайында жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасы ерекше маңызға ие. Осы бағытта ШҚУ үш жылдан бері «Мамандығым – Болашағым» жобасына қатысып келеді. Нәтижесінде жаңа мамандықтар Атласы әзірленіп, өңірдің кадрлық қажеттілік картасы жасалды. Алдағы жылдары big data талдаушысы, блокчейн саласының мамандарына сұраныс артады. Бүгінде университет инновациялық экожүйе қалыптастырып, жобаларды қаржыландыру, технопарк пен бизнес-инкубацияны дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Кездесуде университеттің халықаралық даму жоспарлары таныстырылып, оқу орнының 36 елдің 180 жоғары оқу орнымен әріптестігі және 2027 жылы Генуя университетінің филиалын ашу жоспарланған. Сондай-ақ есептік жиын барысында ғылым, білім, спорт және инновация бағыттарында үздік нәтиже көрсеткен оқытушылар, қызметкерлер мен студенттер министрлік пен облыс әкімдігінің марапаттарына және арнайы номинацияларға ие болды.
Нұртас Қайролдаев