Энергетика саласына өз ісін жітік білетін тәжірибелі мамандар ғана келеді. Жоғары кернеулі электр қондырғыларын құрастыру мен оны жөндеу шыдамдылықты талап етеді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында әріптестеріміз осындай еселі еңбектің арқасында еліміздің энергетика саласына саналы ғұмырын арнап келе жатқан – Клапутиндер әулетімен танысты.

Бұл қызметте сенімділік, жауапкершілік пен өз ісіне адалдық жоғары бағаланады. Бүгінде «Шығыс Жылу» АҚ-да Дмитрий Клапутин мен оның ұлы Андрей қызмет атқарып жүр. Дмитрий Алексеевич – қазандық жабдықтарының аға машинисі қызметін атқарса, ұлы Андрей баптау және сынақ жүргізу инженері болып жұмыс істейді. Бұл әулеттің кәсіпорындағы еңбек жолы Дмитрийдің әкесі – Алексей Клапутиннен бастау алған. Қазір әке жолын жаңа буын жалғап келе жатыр.

Дмитрий Клапутин, қазандық жабдықтарының аға машинисі:

1990 жылы мектепті бітірген соң, осы жерге жұмысқа орналастым. Алғашында бұл нысанда жабдықтарды жөндеуші слесарь болып бастадым. Бала кезімнен бұл жұмыс орнын көріп өстім. Әкем бұл қазандықты 1982 жылы алғаш іске қосуға ат салысқан азаматтардың бірі. Ол кезде мен кішкентай бала едім, осында жүгіріп жүріп, әкемнің қалай қызмет атқаратынын көретінмін.

Қазандық жабдықтарының аға машинисі – қазандықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін негізгі маман. Дмитрий Алексеевич қазан агрегаттарының жұмысын қадағалап, су деңгейін, қысымды, температураны және отын шығынын бақылауда ұстайды. Оның басты міндеті – барлық көрсеткіштердің қалыпты деңгейде болуын қамтамасыз етіп, қала тұрғындарын ыстық су және үздіксіз жылумен қамту. №3 қазандықта үш бу қазандығы және бір су жылыту қазандығы жұмыс істейді. Бу қазандықтары қыс мезгілінде жылу жүйесін қамтамасыз етсе, су жылыту қазандығы жаз айларында ыстық сумен жабдықтауға арналған. Отын беру үдерісінің қалай жүзеге асатынын Дмитрий Алексеевич өзі түсіндіріп берді.

Дмитрий Клапутин, қазандық жабдықтарының аға машинисі:

Көмір бізде жоғарыда орналасқан бункерлерден беріледі. Сол жерден көмір қорапқа түсіп, пеш-механизмдер арқылы жеткізіледі. Көмірдің жану процесі үздіксіз жүреді.

Әке мен бала әртүрлі қазандықта еңбек етеді. Дмитрий Алексеевич №3 қазандықта жұмыс істесе, Андрей №2 қазандықта қызмет атқарады. Айта кетерлігі, Андрей бес жыл бұрын еңбек жолын дәл осы №3 қазандықтан бастаған. Бұл қазандықты осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын оның атасы алғаш іске қосқан.

Андрей Клапутин, баптау және сынақ жүргізу инженері:

Мамандықты ұзақ таңдадым. Бұл саланың басты ерекшелігі – ең алдымен халыққа пайдаңды тигізу, алғысын алу. Сол үшін де энергетиканы таңдадым.

Отандық энергетика саласына саналы ғұмырын арнаған Клапутиндер әулетінің орны әрқашан құрмет төрінде. Халыққа жаппай жарық сыйлап, үздіксіз қызмет етіп келе жатқан олар әлі де қызметін тоқтатпақ емес.

Фатима Тілейханқызы