Облыс орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған дәстүрлі мерекелік шырша өтті. Жаңа жыл – әр бала үшін ғажайыпқа, жақсылыққа сенетін ерекше мейрам. Осы жарқын мереке қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шара бүлдіршіндерге шаттық сыйлап, оларды ертегі әлеміне жетеледі. Аймақтың түкпір-түкпірінен келген балалар үшін бұл кеш ұмытылмас әсерге толы болды.
Өңірде өткен мерекелік шараға Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан ерекше күтімді қажет ететін балалар шақырылды. Кеш барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бүлдіршіндерді және олардың ата-аналарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың балаларға, әсіресе ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерге әрдайым айрықша көңіл бөлетінін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай игі шаралар балалардың бойына сенім мен үміт ұялатып, олардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына серпін беретінін айтты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Жаңа жылда біз әрдайым жақсылықтар күтеміз. Бір керемет сыйлықтар күтеміз. Біз сиқырлы әлемге сенеміз, жақсылықтар болатынына сенеміз. Сол сенімнің арқасында жаңа жақсылықтарға, деңгейлерге жете еруіміз керек. Мемлекет басшысы, біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жас бүлдіршіндерге, сіздерге ерекше көңіл бөліп. Бізге тапсырмалар беріліп жатыр. Бүгінгі мынау керемет шыршамыз, осы іс-шарамыз сіздерге арналады.
Сән-салтанаты келіскен шырша, түрлі-түсті шамдар, ертегі кейіпкерлері мен қызықты театрландырылған қойылымдар кештің көркін аша түсті. Балалар ән айтып, би билеп, өздері сүйіп көретін кейіпкерлермен бірге көңіл көтерді. Әрбір бүлдіршіннің жүзінен қуаныш пен таңданыс байқалды.
Балғын Асқарқызы, Күршім аудандық білім бөлімінің әдіскері:
Бүгін біз облыс әкімінің шыршасына келіп отырмыз. Өте керем өтіп жатыр. Ауданымыздан үш бала осы шыршаға келіп, қатысып отыр. Көңілдері өте көтеріңкі. Барлығы жақсы өтіп жатыр.
Жаңа жылдық шыршаның бас кейіпкері Аяз атаны балалар асыға күтті. Бастысы бала көңілі көтеріңкі. Қуаныштарында шек жоқ. Бір сәтке ертегілер еліне саяхат жасап, ерекше әсер алды. Сондай-ақ, алыстан тәттілерін арқалай келген Аяз атаға балалардың да тартуы көп. Ата-аналар да дән риза.
Эльвира Қалитова, Қала тұрғыны:
Біз осы акиматтың атынан жасалынып жатқан елкаға келіп отырмыз. Осы Өскемен қаласының тұрғынымыз өзіміз. Өте жақсы, жоғары деңгейде болып жатыр барлығы. Өте ұнады. Балама да ұнады. Баламның барлық өзінің ұнайтын персонаждары жүр екен. Ең бастысы сол балаға ұнағаны ғой. Келе жатқан жаңа жылда барлығына жақсылық тілеймін. Тек қана бақыт келсін. Денсаулық тілеймін барлық адамдарға.
Шырша тойы барысында ертегі кейіпкерлері түрлі қойылымдар қойып, балғындарға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады. Келер жыл тек қуаныштты сәттерге толы болсын деген тілек жолдады.
Талант Тұрсынов