Күршім ауданында қысқы спорт түрлеріне қызығушылық артып келеді. Соның ішінде шаңғы спортына ерекше көңіл бөлінуде. Үшжақты меморандум аясында аудан балалары шаңғы спортымен тегін айналысып келеді.
Шаңғы спорты – төзімділік пен шыдамдылықты талап ететін спорт. Ал Күршімнің табиғаты бұл бағытты дамытуға өте қолайлы. «Жас шекарашы» үйірмесіне келіп, шеберлігін шыңдап жүргендердің бірі - Ақнұр Оралбек. Жас спортшының алдыға қойған мақсаты айқын. Болашаққа жоспары ауқымды. Ол қазірдің өзінде аймақта өткен бірнеше сайыстың жеңімпазы атанып үлгерген.
Ақнұр Оралбек, ҚР спорт шеберіне үміткер:
Мен бұл спорт түріне 2022 жылы келдім. 3 жыл болды. Басында мектептен көп бала болды. Солар шаңғы үйірмесі бар екенін айтты. Сол арқылы келдім. Қызығушылықпен қарадым. 2024 жылы кандидат мастера спорта орындадым.
Жоба мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, білім бөлімдері мен аудандағы шекара басқармасының бастамасымен жүзеге асырылуда. Басты мақсат – балаларды салауатты өмір салтына баулу және болашақ чемпиондарды тәрбиелеу. Жаттығу екі ауысымда өтеді. Таңертең және түстен кейін. Қазіргі таңда секцияға 50 бала қатысып жүр. Оқушылар 7 жастан бастап қабылданады.
Қайырхан Алдырбаев, жаттықтырушы:
Үш жыл болды. Үш жылда жеткен жетістіктеріміз жаман емес. Президенттік көпсайыстан үш баламыз спорт шеберлігіне үміткер атанды. Бірінші разряд алғандарымыз бар. Өскемен қаласында өтетін облыстық жарыстарға қатысып тұрамыз. Стадион ішіне жолдар салғанбыз. Балалар маневрға үйренетіндей.Қар қалың түскенде Шірікаяқ деген тау бар соған барып жаттығамыз.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады. Күршімде қысқы спорт түрлерінің дамуы – соның айқын дәлелі.
Қуаныш Амантайұлы