Өскеменде облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмысшы мамандықтар жылы аясында берген тапсырмаларының орындалуы, туристік маусымның қорытындылары және 2026 жылы Милан қаласында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы талқыланды. Әріптесім Қымбат Иманғали рет-ретімен.

Облыс әкімдігінде өткен жиында Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтар жылына байланысты тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Биыл колледждерде тегін оқытуға арналған мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылды. Өңір экономикасы үшін кадрлар даярлауды 37 колледж жүзеге асырады.

Қуат Оқасов, Облыстық білім басқармасының басшысы:

Онда 20 273 студент білім алуда, оның ішінде 17 мыңнан астамы (85%) мемлекеттік тапсырыс есебінен оқиды. Оқу үдерісіне 1747 оқытушы мен өндірістік оқыту шебері тартылған. Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша да оң динамика байқалуда, ол 86,8%-ды құрады (2024 жылы – 86,6%).Мамандар даярлауда өңірдің кадрларға деген өзекті қажеттіліктеріне ерекше назар аударылада.

Облыстық білім басқармасы басшысының мәліметінше, сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылған. Мәселен, жаңартылатын энергетика, қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелер, әуе тасымалдарын ұйымдастыру, логистика, су көлігін пайдалану және басқа да бағыттар. Аталған мамандықтарға 277 студент қабылданған. Маман даярлау сапасын арттыру мақсатында өңірде колледждердің кәсіпорындармен серіктестігі кеңейтілуде. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер дуалды оқытуға тартылған, бұл 27 колледжде жүзеге асырылып, жалпы 5 мыңнан астам студентті және 448 кәсіпорынды қамтиды. Мамандар дайындығы 46 мамандық бойынша жүргізіліп, тәжірибелік оқыту сағаттары ұлғайтылды. Студенттер өндірістік практиканы кәсіпорындар базасында өтеді, одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Әсел Төлепова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының м.а.:

Жұмыс іздеу және еңбекке орналастыру дағдыларына онлайн үйрету жұмыстары «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасы арқылы жүргізілді. Қамту көлемі – 15 873 адам, жоспардың орындалуы – 117%. Жұмыспен қамтуды белсенді қолдау шарасы ретінде жұмыссыз азаматтар, NEET санатындағы жастар және жаңа мамандық алғысы келетін тұлғалар үшін сұранысқа ие қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Биыл 77 мамандық бойынша 448 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланған, оның 70-і жұмысшы мамандықтарға жатады. 5 желтоқсанға дейін 425 адам оқуға жіберілді, 248 адам оқуын аяқтады, 207 адам жұмысқа орналастырылды, яғни оқуды тәмамдағандардың 83%-ы еңбекпен қамтылды.

Қорыта айтқанда, аймақта жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, еңбек нарығына жедел бейімдеу және нақты жұмысқа орналастыруға бағытталған жүйелі модель қалыптасты. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады деп сендірді басқарма өкілдері.

Сонымен қатар, жиын барысында биылғы туристік маусымның қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлар таныстырылды. Бүгінгі таңда облыс аумағында туристерді орналастыруға арналған 405 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде қонақ үйлер, мейманханалар, демалыс базалары және өзге де орналастыру орындары бар.

Ержан Сембинов, Облыстық туризм басқармасының басшысы:

Ұлттық статистика бюросы департаментінің 2025 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша деректеріне сәйкес, туристер саны 365,5 мың адамды құрады. оның ішінде ішкі туристер – 351,0 мың адам. өсім – 9,6%, шетелдік туристер – 14,5 мың адам. Жыл қорытындысы бойынша туристер 19 мың шетелдік туристі құрайды.

Басқосуда дене шынықтыру және спорт саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы сөз болды.

Аида Жұханова, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

Қазақстан ұлттық құрамасы үшін бұл Олимпиадаға дайындық жүйелі әрі кешенді түрде ұйымдастырылған. Әрбір үміткер спортшыға жеке жоспар жасалып, оған жалпы және арнайы физикалық дайындық, техникалық-тактикалық машықтарды жетілдіру, халықаралық рейтингтік жарыстарға қатысу, сондай-ақ тереңдетілген медициналық бақылау енгізілген. Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар Әлем кубогы кезеңдерінде және халықаралық турнирлерде ел намысын қорғап жүр. Дәл осы жарыстарда жинаған рейтинг ұпайлары мен көрсеткен нәтижелер олимпиадалық лицензия тағдырын шешеді.

Келер жылы 6–22 ақпан аралығында Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиадалық ойындар – әлемдік спорттағы ең ауқымды әрі беделді жарыстардың бірі болмақ. Биылғы додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олимпиада бағдарламасына 16 қысқы спорт түрі енгізіліп, жалпы 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ел намысын қорғауға шығыстан 12 спортшыға лицензия беріледі деп күтілуде. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақатағанов, спортшылардың дайындығына баса назар аударуды тапсырды.

Қымбат Иманғали