Әдеттегідей жаңа жылдық мерекелер қарсаңында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істей бастайды. Бұл үшін арнайы жедел топтар да жасақталады. Аймақтағы тәртіп сақшылары тұрғындарға қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға шақырды.

Облыс орталығында жаңа жылдық кештер белсенді өтуде. Осыған байланысты жолдарда рейд жұмыстары күшейді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мас жүргізушілер тек түнде ғана емес, күндіз де анықталған. Көлікті мас күйінде тізгіндегендердің қатарында ер азаматтардан бөлек, әйелдер де бар. Тәртіп бұзғандар көбіне 20 мен 39 жасқа дейінгі жандар.

Ғабит Әбенов, Өскемен қ. Патрульдік полиция батальонының командирі:

Егер сіздер қандай да бір салтанатты шараға баратын болсаңыздар, көлікті үйде қалдырып кеткеніңіз жөн. Қоғамдық қауіпсіздік үшін, өзіңіз үшін бұл дұрыс шешім.

Қазір көлік жүргізушісінің ішімдік ішкендігін анықтайтын арнайы құрылғы қолданылмайды. Сондықтан күдікті деп танылған азаматты полиция қызметкерлері медициналық тексеруге жібереді. Егер алкоголь тұтынғандығы анықталса, тәртіп бұзушы жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Найля Молдабаева, дәрігер – нарколог:

Бізге күнделікті азаматтар келеді. Әсіресе жаңа жыл қарсаңында олардың қатары арта түседі. Кейде ұрыс – жанжал шығарған тұрғындарды да тексеруге әкеледі.Бұл біздің күнделікті жұмыс.

Бұл Өскеменнің айыппұл тұрағы. Олардың қатарында жүргізушісі оқиға орнында қаза тапқан, жүк көлігі бар. Дәл жанында тұрған темір тұлпардың да сау тамтығы қалмаған. Барлығына бір себеп. Азаматтар автокөлікті мас күйінде басқарып, апатты жағдай туғызған.

Дархан Такиров, ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі:

Өскемен-Шемонаиха автожолында қар көлігін тізгіндеген жүргізуші мас күйінде ұсталды. Бұл оқиға, бап бойынша қозғалып, қылмыстық жауапкершілік қарастырылды.

Олег Лаушкин көршісінің өтініші бойынша мас күйінде оның көлігін жүргізген. Салдарынан жүргізуші куәлігінен айырылған. Үш жыл алдын ол тағы да жол көлік оқиғасына себепкер болып, құқық бұзды. Сот шешімімен түзеу мекемесіне жіберілді. Қазір тәртібі жақсарғаны үшін жазасы жеңілдетілен. Мерзімінің аяқталуына жеті ай қалды.

Олег Лаушкин, жазасын өтеуші:

Мас күйінде көлік тізгіндегеніме әлі өкінемін. Өз көлігім де, жәбірленуші тарапта зардап шекті. Жазамның көп бөлігін өтедім, енді жақсы күндерді күтемін.

Кейбір қазақстандықтар мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаны жеңілдету керек деп есептейді. Алайда полиция қызметкерлері қауіпсіздікті сақтамайтын азаматтарға жаза жеңілдемейтіндігін айтады. Мәселен, облыста жыл басынан бері ішімдік ішіп, көлік басқарған 246 жағдай тіркелді. Олардың 27- сі көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайта темір тұлпарды басқарып заң бұзған.

Гүлдана Айдарқызы