Облыс орталығында дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Мерекелік шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, балаларды келе жатқан Жаңа жылымен құттықтады. Толығырақ әріптесім Бекарыс Секен өрбітеді.

Жарқыраған шамдар, жасыл шырша мен ертегі кейіпкерлері - барлығы балаларға шынайы қуаныш сыйлады. Өңірдің кішкентай тұрғындарына арналған мерекелік кеш жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Шараға 9-13 жас аралығындағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін және оқу мен спортта жетістікке жеткен оқушылар қатысты. Балаларды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекелік лебізін жеткізді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Құрметті балалар сіздер бақытты балаларсыздар. Сіздердің сапалы білім алуларыңызға, дені сау мықты азамат болып өсулеріңізге барлық жағдайлар жасалған.Мұның барлығы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының нәтижесі.

Шара барысында балалар ойын ойнап, тақпақ айтып, жаңа жылдық қойылымды тамашалады. Шырша мерекесіне олар ерекше дайындықпен келген. Бүлдіршіндер түрлі ертегі кейіпкерлерінің образында киініп, бір-бірінен асып түсуге тырысты.

Осылайша, дәстүрлі Президент шыршасы балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бекарыс Секен