Ойы еркіндікке, саяхатқа құмар жандар үшін сапарға шығу- құмарлықпен тең. Сондай жандардың бірі Серік Сұлтан мотоциклімен Еуропаның 20-дан аса мемлекетін аралап қайтқан. Ол жаз айларында әлемді шарлап, қыста Қазақстанның өзге өңірлеріне танымдық сапарға шығатын көрінеді. Бұл жолы шығысқа арнайы ат басын бұрыпты. Әріптесіміз Қымбат Иманғалидың бейнематериалында.
Серік Сұлтан Жезқазған қаласының тумасы. Саяхатты жаны сүйетін ол кәрі құрлықтан бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Ауғанстан, Оңтүстік-шығыс Азия жерін мотоциклімен шарлап шыққан. Алғашқы сапары 10 жыл бұрын мотошеру арқылы басталған. Бүгінде елуді еңсерген саяхатшы еңбек демалысын ала сала, жолға қамданады. Алыс сапарға бірнеше ай даярланып, арнайы жол жүру картасын жасайды. Айтуынша, бұл көлікке қызығуына әкесі әсер еткен көрінеді.
Серік Сұлтан, мотошабандоз:
Әкемде мотоцикл болған. Әкем осылай бакқа отырғызып қоятын, рөлді ұстатып. Аяғым жетпейді ғой. Нағашым армияға кеткенде мотоциклін тастады, сол 13 жасымнан бері мотоцикл теуіп жүрмін. Нағашы атам ғой отырғызған.
Көбіне ашық аспан астында түнейтін жанның жолсерігі темір тұлпары мен шатыры ғана. Мұндай сапарға аса көп қаражат та кетпейтін көрінеді. Мотошабандоздың негізгі мамандығы электрик.Соның арқасында мотоциклін де өзі құрастырып алыпты.
Серік Сұлтан, мотошабандоз:
Өзімде құрастырғам, арнайы мотоцикл іздегем. Осындай ескі болуы керек. Кобюратор, циллиндр толық шашып, өзім қайта құрастырғам.Алысқа шыққанда арнайы дайындайсың, тормоз, фильтр бәрін дайындаса жаз бойы ойланбай жүресің.
Бұл жолы ол Өскемендегі ерекше демалыс орындарының біріне келді. Мотоциклдің түр-түрін жинақтап, әр бөлшегін мекеменің сәніне айналдырған кәсіпкермен әңгімесі жараса кетті.
Эльдор Умиров, кәсіпкер:
Демалыс орталығын ашу бастамасы Еуропаға саяхаттап келген соң пайда болды. Ұлыбританияда мұндай орындар жиі кездеседі. Қызығушылар да көп. Көбіне туристер келеді. Естелік суретке түсіп жатады. Әзірге коллекциямызда 6 мотоцикл бар.
Қай қалаға барса да, мәдени ошақтарды аралауды әдетке айналдырған Серік Сұлтан бұл сапарында да дәстүрінен жаңылмады.
Серік Сұлтан, мотошабандоз:
Өскемен қаласына келіп, ең бірінші осы мұражайларды аралап жүрмін. Таңқалдырғаны осы Ә.Қастеевтің түпнұсқа суреті бар екен. Барған елдердің бәрінде ең алғаш мұражайларын аралаймын.Әдемі әдемі мұражайлар бар. Таңқалдырғаны Түркия елінің, музейі ерекше.
Ел аралап, танымын кеңейтуге құштар кейіпкеріміз енді келесі сапарына дайындық жасап жатыр.
Қымбат Иманғали