Өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде облыста интернетке қосылған елді мекендердің саны артып, халықтың 98 пайызы тұрақты байланыспен қамтылған. Бұл – 705 мыңнан астам тұрғын заманауи цифрлық қызметтерге қол жеткізіп отыр деген сөз. Енді ұялы байланыс пен интернет тек ірі қалаларда ғана емес, ең шалғай ауылдарға дейін жетіп, тұрғындардың күнделікті өмірін едәуір жеңілдетуде. Осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі – Күршім ауданы.
Қазіргі таңда Күршім ауданына қарасты 21 елді мекеннің барлығы мобильді байланыс пен интернетке толық қосылған. Ауданда 13 мыңнан астам тұрғын заманауи байланыс қызметін пайдаланып отыр. Бұл жұмыстар облыс әкімі тапсырмасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Егіндібұлақ, Амангелді, және Жолнұсқау ауылдары интернетпен қамтамасыз етілді. Енді шалғай ауылдардың өзі цифрлық мүмкіндіктерге қол жеткізуде.
Мейіржан Альбеков, Күршім ауданының әкімі:
Күршім ауданы бойынша жеті округ, жиырма бір елдімекен бар. Биыл 2025 жылды интернет мәселесі бойынша жақсы аяқтап жатырмыз. 21 ауылдың 15 ғана интерннет желісі болған. Бүгінгі күні толықтай жүз пайызға барлық ауылдар интернетке қосылды. Өткен жиырма төртшінші жылы салынған төрт АМС-ті рестрға кіргізіп, операторлар жұмыстарын бүгінгі күні толық аяқтап, ауылда интернет 4G беріліп отыр. Малмен айналысып отырған шаруашылықтар бар. Ол жерлерге де келесі жылы Starlink-пен оорнату жоспарымызда бар.
Байланыс сапасының жақсаруы ең алдымен білім беру саласына серпін берді. Қаратоғай ауылындағы мектепте жоғары жылдамдықты интернетке қосылып, оқушылар мен ұстаздарға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Заманауи технологиялар оқу үдерісін жеңілдетіп, білім сапасын арттыруға ықпал етуде.
Алтынай Мұхтархан, Қаратоғай орта мектебінің информатика пәні мұғалімі:
Интернет желісі қосылып, барлығымыздың қажеттілігімізге жарап жатыр. Мұғалім болғандықтан мектепте биылғы жылы жасанды интеллектті көп қолданамыз ғой. Сондықтан да бізге өте тиімді болды. Бізде ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты желді күндер болып қалады. Сонда балаларға онлайн форматта оқыған өте қиындау болды бізде. Қағазбен таратып отыратынбыз. Қазірде енді онлайн, үйден де отырып оқитын болдық.
Интернеттің қолжетімді болуы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына да оң әсерін тигізді. Мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, қашықтан жұмыс істеу, кәсіп бастау – мұның барлығы енді Қаратоғай үшін таңсық емес.
Сәуле Хамитова, Күршім ауданының тұрғыны:
Жасанды интеллектті уже қолға алып жатыр қазір қарап отырсақ. Сонда мен ойлап отыратынмын біздің ауылда әлі интернет келген жоқ. Ал жасанды интеллект қалай дамиды деп ойлап жүруші едім. Міне өте жақсылық болды ақ түйенің қарны жарылды. Күнделікті тұрмыста да керек нәрсе. Төлейтін налогымыздың өзін сонымен, коммуналдық услугамыздың өзін осы телефонмен төлей салып отыратын болдық. Одан кейін міне ауылда отырғаннан кейін бұны айтпай кетпесіме болмас. Мысалы малға. Егер ертең біз жылқымызға чип салатын болсақ, осы интернет арқылы үйде отырып бағуға болады ғой. Дамыған деген осы деп ойлаймын.
Шыңғыс Кәдірбаев, Күршім ауданының тұрғыны:
Мал шаруашылығымен айналысамыз. Бұл интернет құрылғалы жақсы болды. Бұрын интернет болмаған. Оқушы балаларға да, Қалада жүрген оқушы балаларымызға да бәріне жақсы болды. Алыстағы туыстармен бәрімен видеомен мына интернет желісі арқылы сөйлесіп отырмыз. Бірдеңе керек болса қарай саласың интернеттен.
Күршім ауданында жүзеге асқан бұл жобалар – ел үкіметі жүргізіп отырған цифрландыру саясатының нақты нәтижесі.
Талант Тұрсынов