Балаларға – жаңа жылдық қуаныш. «Казцинк» ЖШС мен «Торпедо» хоккейшілері ауруханада ем алып жатқан балаларға сыйлық табыстады. Жаңа жыл – әр бала үшін ғажайыпқа толы мереке. Алайда, кейбір бүлдіршіндер бұл күнді емханада қарсы алуға мәжбүр. Осындай сәтте оларға демеу беріп, қуаныш сыйлайтын жандардың бары көңіл қуантады. Дәл осындай шараны «Казцинк» кәсіпорыны мен «Торпедо» ойыншылары көп жылдан бері игі дәстүрге айналдырған.

Биыл да хоккейшілер мен компания өкілдері «Ана мен бала орталығына» арнайы барып, кішкентай емделушілерге жаңа жылдық ойыншықтар мен тәтті-дәмділерін тарту етті. Базарлықтың ішінде хоккей матчтары кезінде жиналған сыйлықтар да бар. Акцияға қала тұрғындары да белсенді қатысты.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Жаңа жыл қарсаңында барлық балалар ғажайыпқа сенеді. Хоккейшілер, теледидардан көріп жүрген спортшылардың өздері келіп, сыйлық табыстауы –балалар үшін нағыз қуаныш. Әрине, барша бала жаңа жылды үйінде, ата-анасының жанында қарсы алса дейміз. Бірақ ауруханада ем алып жатқан балалар да мерекенің жылуын сезінуі тиіс. Бұл – қала тұрғындарымен бірігіп жасап жатқан игі іс.

Акцияға «Торпедо» хоккей клубының ойыншылары белсене атсалысты. Олар жиналған сыйлықтарды жанкүйерлермен бірге балаларға өз қолдарымен үлестірді.

Федор Хорошев, «Торпедо» хоккей клубының капитаны:

Балаларға шаттық сыйлаудан артық бақыт жоқ. Бұл акцияға қатысып жүрген жанкүйерлерге үлкен алғыс айтамыз. Біз де өз тарапымыздан ойыншықтарды әкеліп, балаларға тараттық. Балалар үшін бұл – үлкен қуаныш, нағыз мереке. Барлық бүлдіршін келіп, сыйлық сыйлағанымызға қуанып жатыр.

Дәрігерлер мен медбикелер балғындардың тез сауығып, қатарға қосылуы үшін аянып жатқан жоқ. Олардың айтуынша, мұндай кездесулер мен күтпеген тосын-сый балалардың көңіл –күйіне оң әсерін тигізеді.

Әсел Айдарханова, Облыстық ана мен бала орталығы директорының орынбасары:

Бұл акция бірнеше жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Әсіресе, ұзақ уақыт стационарда жатқан балалар үшін бұл шараның маңызы зор. Олар жаңа жылды асыға күтеді. Сыйлық алатынын біледі. Бұл олардың көңіл –күйін көтеріп, тезірек сауығуына әсер етеді. Игі дәстүрдің жалғасын тауып жатқаны қуантады.

Бүлдіршіндердің нұрға толы көздері мен сыңғырлаған күлкілерін көру ғанибет, - дейді ұйымдастырушылар. Жаңа жыл қарсаңындағы осындай игі істер жалғасын табады.

Фатима Тілейханқызы