Қоғамның қауіпсіздігін күзетіп, тәулік бойы кезекшілікте жүретін тәртіп сақшыларының арасында нәзік жандар аз емес. Олар жанұясын жылуға бөлеп, қызмет пен отбасылық өмірді ұштастырып жүр. Көп балалы ананың бірі Өскемендегі желілік полиция бөлімінде қызмет етеді. Ішкі істер саласында тынбай қызмет етіп келе жатқан маманмен әріптесіміз Қымбат Иманғали тілдесіп қайтты.
Оның таңы өзгелерден ерте ататындай. Ел шырт ұйқыда жатқанда, қала тыныштығын күзету үшін кезекшілікке шығады. Арайлым Есенғалиқызы жастайынан полиция қызметкері болуды армандаған. Бүгінде жауапкершілігі зор қызметті абыроймен атқарып келеді.
Жұмыс күні саптық тексерістен басталады. Әнұран шырқалғаннан кейін куәлік, арнайы форма, қызметкер мен жолаушының құқықтары жазылған кітапшалар түгелдей тексеріледі. Осыдан соң әр маман өзіне бекітілген аймақты күзетуге аттанады. Арайлым бүгін әуежайдың тыныштығына жауапты. Бір қызығы ол жолдасын да осы қызметте жүріп жолықтырған.
Арайлым Есенғалиқызы, Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері:
4 қызым бар. Балабақшаға да мектепке де барады. Осы қызметті атқарғаныма 16 жыл болғандықтан, әріптестеріме және қызметке үйреніп қалдым. Сондықтан да маған өте қиын деп айта алмаймын.
Әуежай тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету - аса жауапты жұмыс. Мұнда күнделікті мыңдаған адам түрлі бағытта қатынайды.
Қуаныш Дәулетұлы, Өскемен әуежайы қызметкері:
Күніне 8-10 рейске дейін болады. Бұл дегеніміз мың жолаушы шамасында. Соның ішінде тексеру қызметі полиция қызметкерлерімен бірге заң бұзушылықтарының алдын аламыз. Соның ішінде қарусыз қалған заттар, сумкалар болсын немесе диструктивті немесе заңғы қайшы келетін заттар тасымалданған уақытта соларды әуе кемесіне өткізбеумен айналысамыз.
Тәртіп сақшысы үшін үнемі қырағы болу маңызды. Полиция аға сержанты айналаны бір шолып өткен соң, бейнебақылау монитрынан көз алмай, кез келген қимылды жіті бақылап отырады.
Биылдың өзіндежелілік полиция қызметкерлері 3 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Ал сотқа дейінгі тергеу тәртібінде27 қылмыстық іс тіркелді.
Айдар Қапжапаров, Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің басшысы:
Жалпы бөлімде 71 бірлік, соның ішінде еркектердің арасында 4 қызметкер әйел адам. Әйел адамдардың ішінде наружный служба дейді, Арайлым Есенғалиқызы. Жұмысты адал атқарады. Өзінің көрсеткіштері де, мінездемесі де өте биік деңгейде деп айтуға болады.
Қызметтің қиындығынан бөлек, полиция формасын киген жанға халықтың сенімі мен жауапкершілігінің жүгі де артылған.
Арайлым Есенғалиқызы, Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері:
Адамдар погонда болғандықтан кез келген бір сұрақпен жақындайды. Сол кезде адами тұрғыда жауап беруге, көмектесуге тырысамыз.
Әуежайдағы тыныштық пен қауіпсіздік – полицейлердің міндеті. Осылайша Арайлымның бір күндік кезекшілігі де аяқталды. Көз ілмей тәртіпті қадағалаған ол енді үйіне қарай асығады, өйткені оны шаңырағында күтетін жақындары бар.
Тынымсыз тіршілік пен отбасына уақыт бөліп, бала тәрбиелеу қайсар жанның бұлжымас міндеті. Кейіпкеріміздің үй мен жұмысты үйлестіріп келе жатуына жары мен перзенттерінің қолдауы мүмкіндік беріп отыр.
Қымбат Иманғали