Өскеменде волейболдан қыздар командалары арасындағы Қазақстан Республикасының Кубогы өз мәресіне жетті. Жарыс 21–29 желтоқсан аралығында Қажымұқан атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Елдің әр өңірінен келген сегіз команда өзара кім мықтыны анықтады. Бұл турнир елдегі әйелдер волейболының дамуына айрықша үлес қосатын дода саналады.
Облыс орталығында өткен республикалық жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен сегіз команда қатысты. Додада Талдықорғанның «Жетісу», Петропавлдың «QUANYSH», Түркістанның «Тұран», «AQTOBE», «Қарағанды», «Алматы», Қызылорданың «Қайсар» және жергілікті «BEREL» командалары өзара бақ сынасты. Турнир алғашқы күннен-ақ жоғары қарқынмен өтті. Әрбір матч жанкүйерлер үшін нағыз тартысқа толы болды. Күші мен шеберлігі шамалас командалар арасындағы ойындар күтпеген нәтижелерімен ерекшеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты түрде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, жарыстың жоғары деңгейде өткенін айта кетті. Сондай-ақ турнир барысында ерекше көзге түскен үздік ойыншылар да арнайы марапаттарға ие болды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бүгінгі мына еліміздің әйелдер командасы арасындағы Қазақстан Республикасы кубогі жарысына қатысқан спортшыларды, бапкерлерді, жанкүйерлерді құттықтай отырып, сіздерге үлкен рахметімді айтамын. Бұл жарыс көпшілікке өте жақсы әсер етті. Командалар өздерінің жоғары дайындықтарын көрсетті. Әділ, жақсы ойындар болды. Әр уақытта да жақсы ойындарды көрсетіп, еліміздің спортының дамуына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер.
Жартылай финал жарыстың шарықтау шегіне айналды. Түркістан облысының «Тұран» командасы ел чемпионатының фавориттерінің бірі саналатын шығыстың «BEREL» құрамасын жеңіп, сенсация жасады. Бұл нәтиже турнир тағдырын түбегейлі өзгертті. Ал финалдық кездесуде «Тұран» мен Солтүстік Қазақстан облысының «QUANYSH» командасы өзара мықтыны анықтады. Тартысты өткен шешуші ойында «Тұран» қарсыласын қапы қалдырып, Кубок иегері атанды.
Қуатбек Айдарбеков, «Тұран» ВК жаттықтырушы-аналитигі:
«Тұран» спорттық ойындар клубы жақында ашылған. 22 жылы. 22 жылдан бері қарай қазір командамыз 23-24 жылғы маусымда жеңімпаз атанды. Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Бүгінгі таңда, осы жаңағы 3-4 жылдың ішінде Қазақстан Республикасы кубогінің иегері атанып отыр. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, біздің клубтың басшыларын, қыздарға бірінші кезекте рахмет айтуға, осыған атсалысқан бапкерлеріміз бар күні-түні солармен жұмыс істеген. Барлықтарына рахмет айтуға рұқсат етіңіздер.
Алексадр Кувшинов, бас төреші:
Волейболдан Қазақстан Республикасы Кубогының финалдық матчы жетті. Көптеген мамандар бұл жарыста фаворит ретінде «Жетісу», «QUANYSH» немесе «BEREL» командаларының бірін атаған еді. Алайда турнир барысында күтпеген нәтижелер тіркелді. Жартылай финалда «Тұран» командасы Өскеменде «BEREL»-ді жеңіп, жарыстың басты сенсациясын жасады. Ал бүгінгі финалда «Тұран» Қазақстан әйелдер волейболының көшбасшы ұжымдарының бірі – Солтүстік Қазақстан облысының «QUANYSH» командасын тартысты ойында басып озды. Бұл Кубок тағы бір мәрте спортта алдын ала жасалған болжамның әрдайым ақтала бермейтінін дәлелдеді.
Жарыс қорытындысы бойынша «Тұран» волейболдан қазақстан кубогын жеңіп алды, екінші орынды — «QUANYSH» командасы иеленді. Ал жүлделі үшінші орын үшін өткен кездесуде «Жетісу» командасы «BEREL» ұжымын тізе бүктіріп, қола жүлдегер атанды.
Талант Тұрсынов