ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова шығысқа келді. Сапар аясында министр өңір әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге Риддерде салынған жаңа көпсалалы аурухананы аралады. Құрылысы толық аяқталған медициналық нысан құжаттары рәсімделгеннен кейін қолданысқа беру жоспарланған.

Риддерде заманауи көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы толық аяқталды. Нысан 200 төсек-орынға арналған. Бұдан бөлек, 500 адамды қабылдай алады. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықпен толық қамтылған.

Ақмарал Әлназарова, ҚР денсаулық сақтау министрі:

Осы Риддерге келіп осы аурухананы өздеріңізбен бірге көріп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Жазда келген болатынбыз, жыл басында. Сол кезде бұл аурухана мүлдем жоқ болған блатын. Тек жер жұмыстарымен ғана шектелген, қаражаты шешілмей тұрған. Президентіміздің тапсырмасымен, премиер министрдің тікелей қолдауыменен осы қаражаттар бөлініп, мына құрылыстың бүгін аяқталып осы бір-екі апта ішінде тапсырылатынын көріп тұрмыз. Әрине өте қуаныштымын. 

Жаңа аурухана Риддермен оған іргелес ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Бұл нысан өңірде медициналық туризмді дамытуға серпін береді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Риддер қаласында үлкен туристтік кластер пайда болады. Сәйкесінше тау шаңғысымен шұғылданатындар түрлі жарақаттар алады. Соларға бірінші кезекте травматологтар тиісті көмектерін көрсетеді. Осы бағытта біз жұмыстар жүргізетін боламыз.

Медициналық мекеме қажетті мамандармен де толық қамтылады. Дәрігерлерге барлық жағдай жасалған.

Марат Блейменов, Риддер қ. Ауруханасының бас дәрігерінің м.а.:

Келесі 2026 жылы кардиолог дәрігерімізді оқытамыз деп отырмыз. Алты айлық сертификаттық курсқа жіберіп. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен облыс көлемінде 55 дәрігер бітіреді. Облыстық денсаулық сақтау саласымен келісім бар. Олар осы қалаға келіп жұмысын атқарады деп сенеміз. Әлеуметтік бағдарлама бойынша көтерме ақшасы да пәтерлері де осы 2026 жылы шешіледі деген үмітеміз.

Шаяхмет Қайнолданов, риддер қ.ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері:

Біз жаңа аурухана кешенінің құрылысы толық аяқталғанына дән ризамыз. Аурухана заманауи, жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кең әрі жарық кабинеттер мен операциялық залдар науқастарға да, медицина қызметкерлеріне де қолайлы жағдай жасайды. Бұл нысан медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам деп ойлаймын.

Қазіргі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Көп ұзамай көпсалалы аурухана кешені тұрғындарды қабылдай бастайды.

Нұртас Қайролдаев