Өскеменде «Altai Sport Fest-2025» спорт фестивалі өтті. Жарысқа мемлекеттік қызметшілер отбасы мүшелерімен бірге қатысты. Отбасылық спорт мерекесі форматы бүгінде игі дәстүрге айналып келеді. Фестиваль алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан кең қолдау тапқан болатын.
Облыс орталығында мемлекеттік қызметшілер дәстүрлі жаңа жылдық жиынның орнына отбасыларымен бірге спорт алаңына шықты. Бұл жарыстар тек күш пен ептілікті сынап қана қоймай, жақындарымен бірге уақыт өткізуге, жұмыс күндерінің қарбаластығынан бір сәтке тынығуға және шынайы командалық рухты сезінуге мүмкіндік берді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мынау бүгінгі жарыс аяғына жетіп жатыр. Сіздерге рахмет айта отырып, жаңа жылда жаңа табыстар болсын. «Altai Sport Fest-2025» жылғы жарыстарды көңілді старттар ойындарын жабық деп жариялаймын. Енді барлығымыз сіздермен келесі жылғы жарыстарға дайындаламыз.
Биылғы спорттық сайысқа қала мен аудандардан 25 команда қатысты. Қатысушылар облыстық басқармалар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері. Фестиваль бағдарламасына дәстүрлі эстафеталармен қатар, көрермендерге қызықты командалық сайыстар енгізілген.
Әйгерім Елемесова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы:
Бүгін міне «Altai Sport Fest — 2025» ойындары өтуде. Ойынға 13 команда қатысуда. Аудандар, қалалар және де облыстық басқармалардан. Бес ойын бойынша өтуде.
Мұндай жарыстар бірліктің, қолдаудың және командалық рухтың символына айналды. Мұнда нәтиже ғана емес, қатысу, өзара түсіністік пен ортақ мерекелік атмосфера маңызды. Осындай шаралар ұжымды ұйыстырып, бұл спорт күнінде жеңілгендер жоқ екенін көрсетеді — әрбір қатысушы жеңімпаз.
Тимур Жігітаев, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:
Бүгінде жұмыс қарбаласының арасында отбасылық ортақ шаралар өте сирек өтеді. Осындай тамаша іс-шараға отбасымызбен келіп, бірге қатысуды жөн көрдік.
«Altai Sport Fest-2025» фестивалі түрлі сала мамандарын бір арнаға тоғыстырды. Мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасылары үшін бұл күн қимыл-қозғалысқа, қолдауға және командалық рухқа толы нағыз мерекеге айналды.
Талант Тұрсынов