Жаңа жыл мерекесінде қылқан жапырақты ағаштарға деген сұраныс арта түседі. Сәйкесінше, сауда орындарында шырша сатушылар көбейеді. Қылқан жапырақты ағаштың заңсыз сатылымының алдын алу үшін құқық қорғау органдары мен орман шаруашылығы қызметкерлері бақылау жұмыстарын күшейткен.

Жаңа жылдық сән-салтанатты жасыл шыршасыз елестету қиын. Мерекелік қарбалас кезінде, қоршаған ортаға зиян келтіріп, мемлекет қорғауындағы қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері де жиілейді. Заңсыз ағаш кесіп, шыршаны сатылымға шығарғандар үшін әкімшілік жауапкершілік бар екенін естен шығармау керек.

Әсет Қизатов, ШҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы:

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы аумағында 15 желтоқсан мен 31 желтоқсан аралығында «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мақсат – өзге де мемлекеттік органдармен бірлесе қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу мен ұрлау фактілеріне жол бермеу. Бүгінгі таңда шамамен 10 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, ары қарай да жұмыстар жүргізілуде.

Маусымдық шырша сатумен заңды түрде айналысатын кәсіпкерлердің айтуынша, соңғы уақытта сұраныс азайған.

Татьяна Колесникова, жеке кәсіпкер:

Мен бұл іспен 20 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Таңертең ерте келеміз, кешке жәй қайтамыз. Суықта тұрамыз. Шығын өте көп. Сауда мәз емес. Кей күндері 20–30 мың теңгеден аспайды. Оның өзінде тамақ, жолақы, сауда орны үшін төлем бар. Иісі аңқыған шырша алғысы келетіндер аз.

Қала тұрғындарының арасында шыршаны таңдауға қатысты пікір әртүрлі. Бірі табиғи шыршаны жаңа жылдық дәстүрдің бір бөлігі деп санаса, енді бірі жасанды шыршаны жөн көреді.

Нарықтағы балама нұсқалардың бірі – құмыраға отырғызылған шыршалар. Оларды мерекеден кейін өсіріп, қайта отырғызуға болады. Сонымен қатар, сапасы жоғары, сыртқы келбеті табиғи шыршадан кем түспейтін жасанды ағаштар да сұранысқа ие. Алайда, мамандардың айтуынша, қандай таңдау жасалса да, мереке заң бұзушылықтан және табиғатқа зиян келтіруден басталмауы тиіс. Орманды сақтау – баршаға ортақ міндет.