Интернет алаяқтық – қазіргі таңда ең көп таралған қылмыс түрлерінің бірі. Қаскөйлер мессенджерлерді, әлеуметтік желілерді және жалған сайттарды пайдаланып, тұрғындарды алдап, жеке деректері мен ақшасын оңай иемденеді. Дегенмен, құқық қорғау органдары киберқылмыстың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады.

Технология дамыған сайын интернет-алаяқтардың қолданатын тәсілдері де күрделене түсуде. Фишинг, банк қызметкері ретінде хабарласу, жалған интернет-дүкендер мен мессенджер арқылы тарайтын күмәнді хабарламалар – ең көп кездесетін айла түрлері. Осындай жолмен олар азаматтардың сеніміне кіріп, банк карталары мен жеке деректеріне қол жеткізеді.

Азамат Шопанов, Өскемен қ. ПБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

Ең көп алаяқтық деректері —мереке қарсаңындағы онлайн-сатып алу кезінде болады. Көпшілік сыйлықтарды алдын ала алып үлгеру үшін интернет арқылы тапсырыс беруге тырысады. Қаскөйлер бұл тұсты оңтайлы пайдаланып, нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағамен жалған хабарландырулар жариялап, алдын ала төлем талап етеді де, ақшаны алған соң жоғалып кетеді. Сонымен қатар соңғы уақытта алаяқтар өздерін курьерлік қызметтің, соның ішінде «Қазпошта» қызметкерлері ретінде таныстыратын жағдайлар жиі кездеседі. Олар азаматтарға «атыңызға сәлемдеме келді» деп хабарласып, оны жеткізу үшін SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Құпия сөзді айтқан сәтте, алаяқтар оның банк және микроқаржы ұйымдарындағы жеке деректеріне қол жеткізіп, қаржылық операциялар жүргізе бастайды.

Осыған байланысты полиция басқармасы банктермен бірлесіп, арнайы база әзірледі. Бұл жүйе тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары арнайы QR-код әзірледі. Оны сканерлеу арқылы тұрғындар қаскөйлердің айласына тап болған жағдайда қалай әрекет ету керектігі жөнінде өзекті ақпарат пен нұсқаулық ала алады.

Айдос Керімұлы, Өскемен қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

Қазіргі таңда Өскемен қаласында киберқылмыстың алдын алу үшін профилақтикалық жұмыстар жүргізілуде. Және де мекемелерде, оқу орындарында осындайй кодтар ілініп, оған өткен кезде алаяқтықтың алдын алу жолдарын білуге болады.

Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтардан қорғанудың жолы – сақтық пен цифрлық сауаттылық. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, өткен жылы Өскеменнің өзінде ғана 800-ден астам интернет-алаяқтықтың дерегі тіркелген. Ал, облыстық сотқа 511 арыз жолданып, оның 340-ы қаралған. Тәртіп сақшылары күмәнді хабарламаларды елемеуге, бейтаныс сілтемелерді ашпауға және жеке мәліметтерді ешкімге бермеуге кеңес береді.

Қымбат Иманғали