Достық үйі - Қоғамдық келісім орталығында Рождество мерекесі кең көлемде тойланды. Атаулы күнде көрермендерге мейрамның тарихы мен дәстүрлері таныстырылды. Шығармашылық ұжым өнер көрсетіп, ауқымды концерт өтті. Думанды кешке арна тілшісі де барып қайтты.
Еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан Рождество мерекесін жыл сайын кең ауқымда тойлайды. Барлығы бас қосып, мерекелік жиынды бірге атап өтеді. Достық үйі - Қоғамдық келісім орталығының сахнасында облыстық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен православ христиандары мерекелік көңіл – күй сыйлады.
Лариса Пригородова, «Бастеньки» фольклорлық ансамблінің қатысушысы:
Концерттік бағдарлама аясында тұрғындарға жақсылық, денсаулық, бейбітшілік пен береке тілейтін рождестволық әндер орындалды. Сондай-ақ ерекше нөмірлер де дайындалды. Әртістер әзіл – қалжың түрінде қойылым қойып, артынша тұрғындардан сыйлық беруін өтінеді.
Театрандырылған қойылым Рождество мерекесін айшықтай түсті. Әртістердің өнері арқылы көрермендер мерекенің мәдени және тарихи мұрасымен танысты.
Александр Яковлев, Облыстық славян мәдениеті қоғамының төрағасы:
Экспедиция материалдарында жазылып алынған мынадай дәстүр бар. 7 қаңтар күні таңертең ерте балалар үй үйді аралап, иелерін мерекемен құттықтайды. Олар қолдарына таяқшаға бекітілген сегіз қырлы жұлдыз алып жүрген. Бұл Иса Мәсіхтің дүниеге келгенін, яғни Рождество мерекесін еске салатын белгі болған.
Әркім мол өнімге қол жеткізсін деген ниетпен «Товарки» ансамблі өз өнерін паш етті. Өлең шумақтары жердің құнарлылығы мен береке – бірлікті, өсіп – өркендеуді насихаттады.
Нина Ершова, «Товарки» шығармашылық халық ұжымының жетекшісі:
Сіздерді Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Келіп жеткен Жаңа жыл тек жақсылығымен келсін. Бидай бітік шықсын, қоражай малға толсын. Ата – бабаларымыз тілеген игі ниеттері бәрі орындалсын.
Мереке аясында «Ақ үкі» қоғамы мен этнографиялық музейдің сәндік-қолданбалы өнер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде түрлі әшекей бұйым, ыдыс-аяқтар мен қолөнер туындылары қойылды. Шеберлер еңбектері көрерменді тәнті етті.
Гүлдана Айдарқызы