Мемлекеттік қолдау – кәсіпкерлікке серпін. Облыста 63 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. Олар ел экономикасының дамуына серпін беріп, халықты жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосып келеді. Солардың арасында қолына ине ұстап, іс тігетін ер азаматтар аз емес. Талғат Қатшыбаев - ұлттық нақыштағы киімдерді этно-дизайнда тігумен айналысып жүр.

Талғат Қатшыбаев ұлттық киім тігудің шебері. Ол 2024 жылы мемлекеттік грант ұтып алған. Бала күнінен ине-жіпке жақын болып өскен ол бүгінде кәсібін табыс көзіне айналдырған. Бүгінде сүйікті ісінен шағын кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Бұл қаражатқа сапалы тігін машинасы мен қажетті құралдарды сатып алған. Анасынан дарыған тігінішілік өнер бүгінде табысты кәсіпке ұласқан. Оның ең алғаш тіккен бұйымы үйде жатқан мата кесінділерінен құралған. Сол сәттен бастап тігіншілікке деген қызығушылығы арта түскен.

Талғат Қатшыбаев, жеке кәсіпкер:

Менің ең алғашқы кесінділерден матадан тіккен өнімім осы бірінші бастауым. Қиындылардан түр-түрін жалғастырып істегем ғой. Ойдан қарап, интернеттен қарап сөйтіп шықты бірінші. Содан кейін ойладым. Неге осы массовый производстваға шығармадық деп. Сол грант туралы біліп, соны іске асырдық гранттың арқасында.

Шебер киім тігуде қазақ менталитетіне тән қоңыр, сары, жасыл және ашық көк түстерді қолданады. Ою-өрнекті киімге тігу жай ғана сән емес, ол терең мағына мен үлкен шеберлікті талап ететін өнер дейді шебер. Әрбір оюдың орналасуы мен түсінің өзіндік мән-мағынасы бар. Ол әрбір оюдың мағынасын зерттеп, оны ерлер мен әйелдер киіміне лайықтап орналастырады.

Талғат Қатшыбаев, жеке кәсіпкер:

Қоңыр жел деп айтады емес пе?! Соған тән қазақтың менталитетіне тән, қатты бір айғайлап тұрған түстер емес, жақсы бір қоңыр, сары, жасыл, ашық көк сондай. Қазір оюдың мағынасын соны зерттеп жүрмін. Ер адамның , әйел адамның киіміне жабыстырылатын болатын бөлек болады.

Бүгінде кәсіпкер көздің жауын алар, түрлі дизайндағы қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін тігеді. Айтуынша, оның қолынан шыққан этно-стильдегі киімдерге сұраныс жоғары. Әншілер мен бишілер, түрлі байқауларға қатысушылар жиі тапсырыс береді.

Аяулым Усинова