Елімізде 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы өз сөзінде, Қазақстан цифрлық державаға айналуы керектігін атап өтті. Осы мақсатта жаңа технологиялар мен жасанды интеллектті барлық салаға енгізу бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Цифрлық саладағы қадамдар қандай? Жасанды интеллект жылына кітапхана қызметкерлері қалай дайындалуда? Тілші сюжетінде.

ЖИ-ні Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапхана 2023 жылдан бастап тәжірибесіне енгізген. Түрлі қосымшаларды іске қосып, қала тұрғындарына түрлі курстарды да ашқан.

Алмас Қожым, кітапхана қызметкері:

Жасанды интелектпен сауаттандыру жұымысын бастап кеткенбіз. 2023 ж бері алғашқы біздің оқытқан кісілер бұл мектеп кітапханашылары, мемлекеттік қызметкерлер, әр түрлі жастағы қала тұрғындары. Бүгінгі таңда көмектесіп жатырмыз.

Руслан Бабиров ЖИ соңғы уақытта кеңінен қолданысқа еніп, сұраныс артқанын айтады. Цифрлық мемлекетке айналарымыз сөзсіз. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашады деген пікірде.

Руслан Бабиров, кітапхана қызметкері:

Біз жасанды интеллектіні үйрету курстарын жүргіземіз. Оқу процессіне егде жастағы азаматтар қатысуда.Түрлі жаңа бағыттағы, тың ақпараттарды үйретіп, көрсетеміз. Олардың қызығушылықтары өте жоғары. Тіпті өз өмірлерінде қолданып үлгергендер де бар. Жасанды интеллект соңғы уақытта қарқын алып жатыр. Сондықтан кез-келген адам білуі, қолдана алуы тиіс деген ойдамын. Ал біз көмек көрсетуге дайынбыз.

Галина Попова 66 жаста. Қазан айынан бастап кітапханаға келіп өзіне тың ақпараттарды алып, жасанды интеллектіні қолдану жолдарын үйреніп жүр. Түрлі құттықтау видеолары мен суреттерін жасап жақындарын қуантуда. Ол бұл курс туралы өзінің танысы арқылы білген.

Галина Попова, қала тұрғыны:

Маған бұл курс ұнайды. Кітапхана қызметкерлері барлығын көрсетіп, бар білгендеріп үйретіп жатыр. Тек жасанды интеллектіні ғана емес, ұялы телефонға, ғаламторға қатысты сұрақтарымызға жауап алып, өмірімізді жеңілдетіп жатырмыз. Мәселен мен жуырда сапарға шығу үшін, билетті қосымша арқылы сатып алдым. Бұл мен үшін тың жаңалық болды.

Сала мамандары бұл жұмысты ары қарай да жалғастыратынын айтты. Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар үшін тың мүмкіндіктер ашылды. Жаңа жүйе кітапхананың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, процессті тиімді етеді.

Сая Жарасқызы