Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарда «Түркістан» газетіне берген сұхбатында ауыл аруашылығы саласын жетілдіру маңызды екендігін атап өтті. Президент өз сөзінде - «Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады» - деді. Расында да төрт түліктен несібесін тауып отырған ауыл халқы үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар өзімізде өндірілген өнім өнімділігін арттыруға да ықпал етеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген деректерге сүйенсек, бүгінгі күні өңірде 234 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Олардың 19 өсімдік шаруашылығында жұмыс істейді. Ал 78-і мал шаруашылығында күш біріктірген. Бұдан бөлек 2 кооператив балық шаруашылығын жолға қойған. Қалғандары аралас ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуде. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі жолға қойған Ұлан ауданында 59, Тарбағатай ауданында 41, Зайсанда 26 кооператив тіркелген.

Жаннат Көшерова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі күні ауылшаруашылығы кооперативтерін құру көздерінің бірі ол 2023 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Осы бағдарлама бойынша 2023 жылы 12 кооперативтің 309 миллион теңгеге жобалары қаржыландырылған. 2024 жылы 64 кооперативтің 1 миллиард 617 миллион теңгеге жобалары қаржыландырылған. 2025 жылы 3 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат өткен жылдың желтоқсан айында бөлінді. Бүгінгі күні «Ертіс» ӘКК арқылы 5 жоба қаржыландырылды.

Өңірде әсіресе мал, құс шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Мамандардың айтуы бойынша жоспарға сай биыл қазынадан 3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бірқатар аудандар қазірдің өзінде өз жобаларын ұсынып қойды.

Салтанат Кеңесбекқызы