Аймақта жастар саясаты жүйелі түрде іске асуда. Бүгінде өңірде 170 мыңнан астам жас бар. Бұл – облыс тұрғындарының төрттен бір бөлігі. Оларды қолдау, жұмыспен қамту, білім беру, азаматтық белсенділігін арттыру және әлеуетін дамыту – өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі.
Өңірде жастар инфрақұрылымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бүгінде облыс бойынша 14 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Мұнда 120-дан астам қызметкер жастарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Ізденімпаздармен тікелей жұмыс істейтін мамандардың да еңбегі ескерусіз емес. 2026 жылы облыстық орталық қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Биыл Өскеменде «Жастар комьюнити орталығы» ашылды. Мұндағы басты жаңалық – оның ыңғайлы режимде, демалыс күндері де қызмет көрсетуі. Бұл – бос уақытты тиімді өткізуге, өзін дамытуға, ашық диалог орнатуға арналған заманауи алаң.
Айдос Әділбеков, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:
2025 жылы Өскемен қаласында «Жастар комьюнити орталығы» ашылып, жастарға ыңғайлы режимде демалыс күндері де жұмысын жасауда қазіргі таңда. Осы тәжірибе ескеріліп 2026 жылдың наурыз айында Күршім ауданында жаңағы комьюнити орталықты ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Еңбек нарығына жас кадрларды тарту – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды құрайды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 25 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, оның 10 мыңнан астамы жас буынға арналған. Тұрғын үймен қамту да назардан тыс емес. «Шығыс маманы» өңірлік ипотекалық бағдарламасы арқылы қолжетімді баспана ұсынылуда. Сонымен қатар, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға мыңдаған тұрғын тартылды. Кәсіпкерлікке бет бұрғандары да аз емес. Өткен жылы 70-тен астам адам өз бизнес-идеясын жүзеге асыруға мемлекеттік грант иеленді. Өңір бүгінде халықаралық деңгейдегі диалог алаңына айналып келеді. Былтыр Омбы қаласында өткен «Ертіс: достық және даму өзені» форумы – соның айқын дәлелі.
Айдос Әділбеков, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:
Былтырғы жылы 12 желтоқсанда Омск қаласында «Ертіс: достық және даму өзені» форуымында біз жаңағы сол жақтағы әріптестерімізбен бірлесе отырып іс-шаралар жоспарын бекіттік. Соның аясында қазір биылғы ақпан айынан бастап жұмыстар жүзеге асырылатын болады. Оларда жаңағы студенттік құрылыс отрядтарының және біздің «жасыл ел» жобасының тәжірибесі бір-бірімен алмасу жоспарланған. Жалпы енді 2025 жылы қысқаша айтқан кезде жастар саясаты саласында біздің өңіріміз үшін бір айтулы жылдардың бірі болды. Биылғы жылыда , 2026 жылыда дәл осы жоспарларды жүзеге асыратын боламыз.
Жастар – ел болашағы. Ал жастарға жасалған әрбір мүмкіндік – ертеңгі тұрақты даму мен берік қоғамның кепілі.
Талант Тұрсынов