19 қаңтар күні православ христиандары – шоқыну мересін атап өтті. Аймақ бойынша 900 – ге жуық адам суға түскен. Рәсім өткізу үшін облыс бойынша алдын ала 17 орын дайындалған.

Мерекені тойлауға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Шомылу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәртіп сақшылары, құтқарушылар және жедел жәрдем қызметкерлері кезекшілік етті. Суға түсер алдын қатысушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

Аймақта мерекені атап өту үшін барлығы 17 орын дайындалды. Оған қоса 200 құтқарушы мен 64 бірлік техника жұмылдырылды. Барлық қауіпсіздік ережелері сақталған.

Жыл сайын әдеттегідей қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні Православ христиандары суға шомылып, бұлақтан таза су алады. Шіркеу қызметкері мейраммен құттықтап, ақ жарма тілегін айтты.

Севастиан Андрющенко, Өскемен қ. «Богородице-Рождественский» храмының настоятелі:

Орыс православ шіркеуінің атынан атаулы мерекемен құттықтаймын. Бұл күні сіздерге зор денсаулық, рухани келісім, бейбітшілік тілеймін. Әдеттегідей адамдар суға шомылады, алайда бұл православ дәстүрі болып саналмайды. Сондықтан суда өте абай болған жөн, қауіпсіздік ережесін мұқият орындаңыздар.

Әрбір учаскеде медициналық топ кезекшілік етті. Дәрігерлер тұрғындардың денсаулық жағдайын бақылады. Алғашқы көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда өз кеңестерін ұсынды. Мамандар мұндай суық кезеңде созылмалы аурулары бар азаматтарға суға түсу қауіпті екендігін айтады.

Ермек Ильясов, ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігері:

Зардап шеккендерге тікелей алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Сондай-ақ, шомылуға келгендерден міндетті түрде созылмалы аурулары бар ма, жүрек – қан тамыры, жүйке ауруларына қатысты сұрақтарымызды қоямыз. Анықталған жағдайда, суға түсуге тиым саламыз. Бұдан бөлек, азаматтардың ішімдік ішпегенін бақылаймыз. Ең алдымен қан қысымын өлшеп, тексереміз. Қандай да бір жарақат алған жағдайда, сол жерде дереу емге кірісеміз.
Құтқарушылардың мәліметіне сүйенсек, шоқыну мерекесінде облыста жазатайым оқиға тіркелмеді. Жауапты сала қызметкерлерінің кезекшілігі бүгін түнге дейін жалғасады.

Гүлдана Айдарқызы