Биыл жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжатта корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап, инвестицияларды ынталандыру мен салық жүктемесін қайта бөлуге дейінгі негізгі бағыттардың барлығы қамтылған. Бұл өзгерістер – кезекті фискалдық науқан емес. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, бұл – салық жүйесін түбегейлі жаңғырту. Сарапшылардың пікірінше, жаңа нормалар мемлекет пен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматын қалыптастырып, қызмет көрсетуге негізделген сервистік модельге көшуге мүмкіндік береді.

Жаңа Салық кодексі бақылаудан серіктестікке бет бұруды көздейді. Яғни, мемлекет, бизнес және азаматтар өз міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен орындайтын өзара толықтырылатын жүйе қалыптасуы тиіс. Осындай жағдайда салық ауыртпалық ретінде емес, қоғамдық келісімнің заманауи тетігі ретінде қабылданады. Салық төлей отырып, азаматтар мемлекеттік қызметтерге, инфрақұрылымға, қауіпсіздік пен жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді.

Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:

Мемлекет басшысы мақалада салық реформасының негізгі мақсаты мен мәнін айқындап өтті. Жаңа Салық кодексі ашық әрі түсінікті болуы керек, сондай-ақ әділетті салық салуды қамтамасыз етуі тиіс. Негізгі міндет – мемлекет, бизнес және салық төлеушілер арасындағы қатынасты қайта форматтау. Бақылау функциясынан сервистік модельге көшу көзделіп отыр. Осыған байланысты жаңа Салық кодексінде қызмет көрсетуге бағытталған бірқатар жаңа нормалар қарастырылған. Біз азаматтарға тіркеуден бастап қызметті тоқтатуға дейінгі барлық кезеңде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қазір әрбір мемлекеттік кірістер органында сервистік көшпелі топтар құрылуда.

Қаржы министрлігі 5 қаңтардан бастап «Халықтық бухгалтер» атты республикалық акцияны іске қосты. Акция аясында мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері кәсіби есепшілермен бірлесіп, салық және бухгалтерлік есептілікті толтыру тәртібін кезең-кезеңімен түсіндіреді. Сондай-ақ ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу және жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша кеңес береді.

Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:

Жаңа Салық кодексіне кезең-кезеңімен көшу үшін мемлекет ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына басымдық беріп отыр. Бұл – аса маңызды. 5 қаңтардан 30 маусымға дейін, яғни алты ай бойы кеңестер тұрақты түрде жүргізіледі. Қаңтар мен ақпан айларында аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері, ал 1 наурыздан бастап аптасына екі рет ұйымдастырылады. Егер жаңа режимге көшу барысында сұрақтар туындаса, Өскемен қаласында Назарбаев даңғылы, 86 мекенжайындағы басқарма ғимаратының үшінші қабатында кәсіби есепшілер мен мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерінен кеңес алуға болады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, фискалдық саясаттың тиімділігі тек әкімшілендіру сапасымен ғана емес, қоғамның салықтық сауаттылығы мен жауапкершілік деңгейімен де өлшенеді. Дәл осы жолмен салық төлеу мәдениеті қалыптасады. Ол міндеттен заманауи патриотизмнің бір көрінісіне айналады. Ал бұл – сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың нақты жолы.

Нұртас Қайролдаев