Өткен жылдың соңында ел Үкіметі денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды қаулы қабылдады. Енді мемлекет есебінен берілетін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер қосылған құн салығынан босатылды. Бұған қоса, шекті баға реттеліп, бірқатар дәрі-дәрмектің бағасы орта есеппен 26 пайызға арзандады.
2025 жылы 31 желтоқсанда ел Үкіметі «Денсаулық сақтау саласындағы қосылған құн салығынан босатудың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, мемлекет есебінен көрсетілетін тегін медициналық көмек аясындағы қызметтер мен дәрілік заттар енді қосылған құн салығын төлемейді. Бұл жеңілдік үш мыңнан астам дәрі-дәрмекті қамтиды. Оның мың екі жүзге жуығы – сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған препараттар.
Мақпал Рахимжанова, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы:
Бекітілген шекті бағаларды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылы 7 желтоқсандағы №150 бұйрығынан көруге болады. Егер, сіз дәрілердің белгіленген шекті бағадан жоғары сатылғанын байқасаңыз, ШҚО бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне шағым бере аласыз. Белгіленген шекті бағадан асырып сату фактісі үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айта кететін жайт, 2025 жылы облыста дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан асырып сату фактілері анықталған жоқ.
Елде дәрілердің бекітілген шекті бағаларын Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығынан, сондай-ақ «DariKZ» мобильді қосымшасынан көруге болады. Егер, дәрі шекті бағадан қымбат сатылып жатқанын байқасаңыз, чек пен кассалық түбіртекті қоса тіркеп, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне шағым түсіре аласыз. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар дәрі өндірушілер мен жеткізушілерге түсетін салық жүктемесін азайтады. Қолға алынған бастама дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің халыққа қолжетімді болуына ықпал етуі тиіс. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сату кезінде қосылған құн салығының мөлшерлемесі де біртіндеп төмендетіледі.
Әйгерім Советбекова, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің бас маманы:
Тиісті шаралар дәрілік заттардың 3 мыңна астам түрін қамтиды. 1200-ден астамы орфондық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған. Сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуде, оларды оңалтуда, диагностикалауда медициналық қызметтерге қосымша құн салығы салынбайды. 2026 жылы 1қаңтардан бастап қосымша құн салығы 5 пайызды құрады. 2027 жылы 1 қаңтардан бастап қосымша құн салығы 10 пайызды құрайды деп көзделген.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі рецептілік дәрілердің бағасын реттеу мерзімін 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартты. Жаңа салық жеңілдіктері мен бағаны реттеу шаралары дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Ең бастысы – бұл өзгерістердің қарапайым халыққа нақты пайда әкелуі, дейді мамандар.
Фатима Тілейханқызы