Облыста жолдарды қысқы маусымда күтіп-ұстау жұмыстары жалғасуда. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елдімекен көшелеріне 806 бірлік техника жұмылдырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Мәулетханов баяндады.

Республикалық маңызы бар жолдарға «КАЖсервис» ШҚОФ қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта мекеме меншігінде 103 қар тазалайтын техника бар. Оның 96 пайызы жұмысқа жарамды. Ал, облыстық маңызы бар жолдарды «ОблШығысЖол» ЖШС күтіп-ұстайды. Компания қарамағында 119 техника болса, соның 111-і сақадай сай. Аудандық маңызы бар жолдар мен елдімекен көшелеріне 584 техника қарастырылып, оның 95 пайызы қысқы кезеңге толық дайын.

Ернар Мәулетханов, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а.:

Тұрақты жедел жасақ құрылған. Ол жерде өте қиын жағдайлар болған кезде шығатын топ құрастырылған. Мобилизациялық негізден айтсақ. Бізде облыс жолдарында төтенше жағдай кезінде пайдалануға 185 бірлік қосымша техника қарастырылған. Оның ішінде республикалық маңызы бар 11 бірлік, облыстық жолдарда 15 бірлік. Аудандық жолдарда 28 бірлік, елдімекен көшелерінде 131 бірлік қарастырылған.
Климаттық жағдайы күрделі аумақтарда төрт жол пайдалану пункті мен төрт жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Барлық нысан білікті мамандармен, техникамен қамтамасыз етілген. Облыстық маңызы бар қар басуға бейім 9 учаскеде дайындық жүргізіліп, қар тоқтататын қалқандар орнатылды. Бүгінде қар көшкіні қаупі бар 7 учаске анықталған, қазір бақылауда.

Гүлдана Айдарқызы