Бүгінгі қоғамда заңды білу – тек міндет емес, азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Осы мақсатта облыс орталығында «Заң және жастар» атты кездесу өтті. Құқық қорғау және өзге де уәкілетті органдардың өкілдері Үлбі металлургия зауытының жұмысшы жастармен жүздесіп, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Басқосуда нашақорлық пен есірткі саудасының алдын алу, интернет алаяқтық пен дропперлік схемаларға тосқауыл қою, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу мәселелері кеңінен талқыланды. ШҚО ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша аймақта 270-тен астам қылмыстық құқық бұзушы ұсталған. Заңсыз есірткі айналымынан 600-ден астам түрлі есірткі заттары тәркіленіп, жыл ішінде 700-ден астам профилактикалық шара өткен.

Мәди Қалиақбаров, ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

Үлбі металургия зауытында «Жастар» ресурстық орталығымен бірлесіп, осы зауыттың жас мамандарымен кездесу өткізудеміз. Кездесудің басты мақсаты қаламыздың жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысын болдырмау. Қазіргі таңда еліміз бойынша есірткінің синтетикалық түрі өте қарқынды дамып келе жатыр. Осыған байланысты 2025 жылдың басынан бастап заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын. Бұрын есірткі таратушылар мен есіркі тұтынушылар бір қылмыстық құқық бұзушылық қарастырылған болатын қазір сол бапты екіге бөлінді. ҚР ҚК 297 бабы және де 297 баптың бірінші бөлімі болып. ҚК 297 бабы бойынша есірткі таратушыларға, яғни курьер, закладчиктерге 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Есірткіні өндірушілерге 10-15 жылға дейін және мәңгілік бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Кездесу барысында шығыстағы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары дропперлік схемалар мен интернет алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталды. Мамандар жастарға банк картасының деректерін бөгде адамдарға берудің салдары, қаржы пирамидаларының белгілері және алаяқтардың әрекет ету тәсілдері туралы нақты мысалдар келтірді.

Жандос Мұзтауов, ШҚО бойынша Экономикалық тергеп - тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:

Жалпы біздің тақырыбымыз дроперлермен, қаржылық перамидаларға қатысты. Заң мен тіртіп наративі аясында біз тұрлі профилактикалық шаралар өткіземіз, жас буын арасында, еңбек ұжымдары арасында. Себебі азаматтар арасындағы қаржылық сауаттылығын арттыру үшін. Жүргізіп жатқан жұмыстың себебі де сол, оның алдын алу және болдырмау. Ондай фактілер бар, өкінішке орай. Әсіресе жастардың ішінде. Сол үшін біз жастармен бірлесе жұмыс істей отырып ондай фактілерді жоқ қылу керекпіз.

Жиында отбасылық зорлық-зомбылық пен тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтар мәселесі де назардан тыс қалмады. Мамандар заң аясында жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндірсе, жұмысшы жастар мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, құқықтық білім еңбек ұжымында ғана емес, отбасында да жауапкершілік пен өзара құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.

Олжас Райымханов, «ҮМЗ» АҚ инженер технологі:

Заң және жастар шарасы қазіргі таңда аса маңызды деп ойлаймын. Заңды білетін жас, жауапты, белсенді және болашағына сенімді азамат. Мұндай шаралар жастар мен заң арасындағы ашық қарым қатынасты нығайтып, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына үлкен үлес қосады.

Кездесу соңында ұжым жастарына құқық бұзушылықтың салдары көрсетілген түрлі профилактикалық бейнероликтер ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы ашық кездесулер жастар мен заң арасындағы өзара сенімді арттырып, кең ауқымды диалог алаңына айналуда. Нәтижесінде, заңды құрметтейтін, саналы әрі жауапты жас буынды қалыптастыруға жол ашылады.

Нұртас Қайролдаев