Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков пен «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Танир Ясса №41 мектептің оқушыларымен кездесті. Шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде өтіп, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қызығушылық танытқан білім алушылардың басын қосты.
Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәселелері көтерілді. Спикерлер оқушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңызын, экологиялық әдеттерді күнделікті өмірге енгізу қажеттігін түсіндірді.
Айдос Әділбеков, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Жоғары сынып оқушыларымен бұл кездесулердің ретін бастап жатырмыз. Жалпы, қысқы және күзгі мерзімдердің расында жалпы экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша ағартушылық жұмыстарға көбірек көңіл бөлеміз. Ал, көктемгі уақыттарда, биыл сәуірден бастап былтырғыдай өзіміздің жұмысты бастап кететін боламыз. Бұл экосенбілік, экочелендждер. Біздің негізгі мақсат- жастардың экологиялық мәдениетін арттыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, тазалық – тек ғана сенбілік өткізу емес, ол жанның тазалығы, адамның кез-келген істе таза болу бағытында осы мәселелерді жастарға сіңіру болып табылады.
Сонымен қатар, жастардың экологиялық бастамаларға қатысуы, сенбіліктер мен қоғамдық акцияларға белсенді араласуының маңыздылығы айтылды. Оқушылар өз сұрақтарын қойып, экологияға қатысты пікірлерімен бөлісті.
Айзада Мархабатқызы, мектеп оқушысы:
Мен «Жасыл инновация және кәсіпкерлік» деген сабақтарға барамын. Ол жерде біз Қазақстанға қалай өз үлесімізді қоса аламыз және экологияға байланысты, эко тәрбиеге байланысты сабақтар өткізіледі. Осындай сабақтардың болуы біздің елдің әрқашанда гүлденуі мен көркеюіне көмектеседі деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, мектепте «Макулатура өткіз-ағаштарды қорғап қал» акциясы жүзеге асырылуда. Оқу орнының барлық бұрышында макулатура қабылдау пункттері орнатылған. Оқушылар мен мұғалімдер пайдаланылған қағазды осы жәшіктерге салады. Жыл соңында жиналған қағаз экологиялық ұйым өкілдерінің қатысуымен қаладағы арнайы орындарға тапсырылады. Мектеп оқушылары дәл осындай тазалық акцияларына үнемі қатысады.
Айдана Қайрат, мектеп оқушысы:
Саналы ұлттың белгісі – ол таза ел болып саналады. Адам айналасын қалай ұстаса, оның қоршаған ортасы да, мәдениеті мен тәрбиесі де сондай болмақ. Мен бұл мектептің оқушысы ретінде бұл бастаманың маңызын жақсы түсінемін. Біз эко волонтерлар ретінде қоршаған ортаны, қоғамдық орындар мен мектебімізді тазалыққа барынша баулимыз. Ағаш отырғызу, гүл егу деген сияқты пайдалы жұмыстарға да атсалысамыз.
Басқосуда «Қоғамды экологиялық дамыту орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Танир Ясса жастардың экологиялық санасын жаңғыртып, табиғатты қорғауға шақырудың маңызын түсіндірді.
Ясса Танир, «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Мектеп оқушыларымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында үлкен әңгіме өрбіттік. Жалпы, мектеп оқушылары, жастар мен студенттер – елдің болашағы. Бұрынғы буынның өз ерекшеліктері, өз қағидалары бар. Ал, қазіргі жастар– ұйымшыл, жаңа көзқарастағы буын. Сондықтан, Таза Қазақстанды қалыптастыру тікелей солардың қолында.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдер арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Фатима Тілейханқызы