Өңірде Австриялық емдеу және басқару стандарттары қолданылатын заманауи оңалту орталығы салынады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Австрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андреа Бахер бастап келген делегациямен өткен кездесу барысында талқылады. Жобаны жүзеге асыру және экономика саласындағы ынтымақтастық бағыттарды нығайту жайы да сөз болды.
Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтарына тоқталып, австриялық серіктестердің қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, медицина және медициналық оңалту саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Негізінен австриялық емдеу және басқару стандарттарын қолдана отырып, заманауи оңалту орталығын құру жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біз бұл жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде яғни, жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Өскемен қаласындағы әріптестерім Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізетін болады. Барлық мәселелерді шешуге дайынбыз. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында инвесторларды тарту үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан біз бұл жобаның іске асуына барынша қолдау көрсетеміз.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен австриялық SANLAS Holding компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжатта оңалту, медицина, ғылыми зерттеулер және кәсіби білім беру салаларында бірлескен жобаларды дамыту көзделген.
Андреа Бахер, Австрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
По вашей просьбе в состав нашей делегации Аударма: Сіздің өтінішіңіз бойынша делегациямыздың құрамына SANLAS Holding компаниясының басқарушы директоры Давид Фаллманн мырза және оның әріптесі кірді. Олармен нақты инвестициялық жобаларды, соның ішінде оңалту орталығына қатысты мәселені талқылауға болады. Кеше олар тиісті келіссөздер жүргізді.
Сарапшылардың айтуынша, дәстүрлі әдістер біртұтас жүйенің құрамдас бөлігіне айналған кезде, оңалту саласында жаңа стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік артады. Сонымен қатар өзге де жерлерде сұранысқа ие бола алатын бірегей тәжірибе жасауға ықпал етеді.
Тимур Тортаев, Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығының бас дәрігері:
Егер мұндай санаторий қала аумағында орналасып, оның аясында шөппен емдеу, қымызбен емдеу, балшықпен емдеу, пантамен емдеу сияқты табиғи емдеу тәсілдері мен оңалтудың заманауи роботтандырылған технологиялары біріктірілсе, бұл кешен болашақта оңалту саласын дамытудағы шын мәнінде бірегей тәжірибеге айналуы мүмкін.
Жалпы алғанда, Қазақстан мен Австрия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты сипатқа ие. Өткен жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 189,4 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан Австрияға негізінен тантал және одан жасалған бұйымдар, балық өнімдері, бериллий, хром, басқа да сирек металдар, сондай-ақ зығыр тұқымы, навигациялық аспаптар мен мотоциклдер экспортталады. Ал Австриядан импортталатын тауар қатарында вакциналар мен дәрі-дәрмектер, минералды сулар, ортопедиялық бұйымдар мен протездер, автокөлік техникасы, сондай-ақ құрылыс және тамақ өнеркәсібіне арналған жабдықтар бар. Шығыс Қазақстан облысының әкімі денсаулық сақтау, жоғары технологиялар және өнеркәсіптік кооперация салаларында австриялық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Салтанат Кеңесбекқызы