Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар туризм саласын дамытуға арналған арнайы жиын өткізді. Басқосуда туризмді дамытуға бағытталған кешенді жоспар әзірленді. Соған сәйкес, ішкі туризм аясында 536 мыңға жуық адамды, ал шетелден 44 мың туристі тарту көзделіп отыр. Қазіргі таңда Катонқарағай ауылында, Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасы маңында және Глубокое ауданының Горная Ульбинка ауылында туризмді дамытудың бас жоспарына өзгерістер енгізілуде. Бұдан бөлек, Қытай туристеріне арналған Канас – Марқакөл трансшекаралық бағытын іске қосу жоспарланған.

Табиғатымен тамсандырған шығыс өңірінің туристік әлеуетін толық пайдалану – күн тәртібіндегі басты мәселе. Осы бағытта өткен жиында инфрақұрылымды жаңарту, сервисті жетілдіру және демалушыларға жайлы жағдай жасау тетіктері сөз болды. Қоқыс жәшіктерін орнату, тамақтану және жатын орындарын көбейту арқылы туристік мәдениетті қалыптастыру қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, туристік аймақтардағы байланыс пен интернеттің әлсіздігі, электр қуатының тапшылығы мәселелері де көтерілді.

Жақсылық Омар, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:

Ойлағанымыз – бір мүдде. Ол осы Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру. Оның ішінде Шығыс Қазақстанның орны да, маңызы да ерекше екенін білесіздер. Сондықтан да, біз өткенде келіскен болатынбыз, алдымызда тұрған қандай кедергілер мен жұмыстар бар соны сіздермен ақылдасып отырамыз. Соны талқылаймыз. Айына 1 рет осындай дөңгелек үстел өткіземіз.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – туристік әлеуеті бар аймақтарда санитарлық тораптар салу. Өткен жылы облыс аумағында барлығы 34 санитарлық торап тіркелген. Алайда, олардың небәрі он бірі ғана субсидияланады. Бағасы 8 миллион теңгеге дейін жететін заманауи дәретханалар орнатылғанымен, олардың бірқатары қаңырап бос тұр. Жиын барысында осы сияқты мәселелер ортаға салынып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Қатысушылар арасында турбизнес өкілдері, туроператорлар, туристік нысандар мен тау шаңғысы кластерінің өкілдері де бар.

Ирина Клиновицкая, ШҚО туристік одағының төрағасы:

Бұл жиын – жоспарлы түрде өтетін жұмыс кеңесінің бірі. Бұл жолы негізгі назар - жол сапасы, санитарлық тораптардың жай-күйі мәселелеріне аударылды. Әсіресе, алдағы туристік маусымға дейін атқарылуы тиіс жұмыстар нақты айқындалды. Жиында Катонқарағай ауданының жұмыстары жеке қаралды. Келесі отырыста атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланады. Тараптар өңір туризмін дамыту жолында бірлескен жұмысты күшейтуге уағдаласты.

Туристерді тарту үшін ең алдымен өңірді кеңінен таныту қажет. Ол үшін кәсіби мамандарды тарту маңызды. Өйткені, табиғаты көркем, тарихы терең аймақты сапалы контент арқылы ғана кең аудиторияға ұсынуға болады, дейді мамандар. Ол үшін алдымен ішкі әлеуетті жақсартып, шикі жұмыстарды жетілдіру маңызды. Алдағы уақытта өңірге келетін туристер санын арттыру үшін кешенді жұмыстар жүргізілмек.

Фатима Тілейханқызы