Өскеменде жастар арасында хоккей турнирі өз мәресіне жетті. Турнирге 2008–2014 жылдары туған 8 команда қатысып, спортшылар өз шеберліктерін көрсетті. Сайыстың мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, спортқа тарту және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Салтанатты шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов та қатысты. Облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, мұндай турнирдің ұрпақ болашағы үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі екенін тілге тиек етті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз салауатты өмір салтын насихаттай отырып жастарымызды жаман нәрседен ары жүрсін деген оймен осы үлкен спорт фестивальын ұйымдастырып отырмыз. Жақсы ойындар болды, әділетті, қызықты ойындар болды. Бірақ бастысы біздің спортшыларымыз тек спорттық деңгейін ғана көрсеткен жоқ, Сонымен қатар өзінің қарсыластарына деген силастығын, өзінің қарсыластарына деген қамқорлығын көрсете отырып, біздің спорттың болашағы, оның ішінде Торпедо хоккей клубының ізбасарлары бар екенін көрсетті. Сондықтан баршаңызға спорт мерекесі құтты болсын дейміз.

Турнир облыстық әкімдік пен прокуратураның қолдауымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Тартысы бәсеке екі күнге созылып, қатысушылар өзара кім мықтыны анықтады. Барлық командалар белсенді өнер көрсетіп, сайыстың қызуын келтірді. Сайыс жеңімпаздары жабылу салтанатында анықталды.

Жансая Қадырова, ШҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры:

Аталған шараға Өскемен қаласының барлық оқушылары қатысуда. Барлығы 8 команда іріктеліп алынған. Осы турнирдің жабылу салтанаты болады. Ақтық мәре деп айтуға болады. Жеңімпаздар анықталады. Жеңімпаздарға облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталуы және біздің арнайы демеушілеріміз бар. Солардың ақшалай сыйлықтары бар берілетін. Турнирдің мақсаты жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және ең бастысы спортпен шұғылданып дүрыс бағытта болуына жәрдемдесу.

Тартысты дода мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың бар екенін және олардың бір мақсатқа жұмылуға дайын екендерін көрсетті.

Руслан Шкибаев, «VK DEVELOPMENT GROUP» ЖШС атқарушы директоры:

Бұл турнир мемлекеттік органдар, бизнес пен қоғам бір мақсат жолында — болашақ ұрпақты, жастардың рухын тәрбиелеу үшін біріге алатынын көрсетіп отыр. Осындай жарыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Біз, бизнес өкілдері ретінде, бұл бағытты әрдайым қолдауға дайынбыз. Өйткені бұл елімізге, халқымызға және ең бастысы — балаларымызға қажет.

Әсел Исаханова, «AN GROUPS» құрылыс компаниясының өкілі:

Біздің компания Өскемен қаласында тұрғын үйлер салумен айналысады. Бұдан бөлек сауықтыру кешендері, балабақшалар мен заманауи, жайлы мектептердің де құрылысын жүргіздік. Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз, жас спортшыларды қолдап, болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне үлес қосып келеміз. Осындай маңызды іс-шара мен турнирге қатысқанымызға қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға және облыстық әкімдікке алғыс білдіреміз.

Турнирдің финалдық ойындары қызықты әрі тартысты өтті. Жас спортшылар тек шеберліктерін ғана емес, өзара сыйластық пен командалық рухты да көрсетті.

Павел Гарбузов, «УСТИНКА» командасының жаттықтырушысы:

Біз «Устинка» командасы болып чемпион атандық. Құрама команда болғандықтан бізде 12-мектеп, 19-мектеп және 9-мектептің оқушылары өнер көрсетті. Дайындық оңай болған жоқ. Кейде ауа райы кедергі келтірді, кейде мұз жетіспеді. Соған қарамастан, бар мүмкіндікті пайдаланып жаттықтық. Ашық алаңда да, мүмкіндік берілген кезде Спорт сарайында және модульде дайындалдық. Балалардың жігері әрдайым жоғары, мақсат — чемпион болу. Жігіттер жеңіске ұмтылып келеді. Турнир өте жақсы деңгейде өтті. Кішілер үшін де, ересектер үшін де үлкен тәжірибе болды.Енді жасы өскен спортшылар келесі жылы ойнай алмайды, сондықтан жас буынды тәрбиелеп, осы бағытта жұмысымызды жалғастырамыз.

Влад Исанов, «УСТИНКА» командасының капитаны:

Біз бүгін осы жерде жиналып, «Устинка» командасының құрамында ойнап, жеңіске жеттік. Біздің басты ұстанымымыз – еңбекқорлық, мақсатқа ұмтылу, табыс пен жеңіс. Бір ғана ойын өткіздік, бірақ жақсы дайындықтың арқасында сенімді түрде жеңіске жеттік. Келдік, ойнадық, жеңдік.

Сүйікті командаларын қолдауға және жақындарына жанкүйер болуға келгендердің қарасы қалың. Бапкерлердің айтуынша, олардың қолдауы жас хоккейшілерге үлкен серпін беріп, өздеріне деген сенімді арттырады.

Георгий Мосесянц, «ТОРНАДО» командасының жаттықтырушысы:

Турнир жоғары деңгейде өтіп, балалар үшін нағыз спорт мерекесіне айналды. Жігіттер тартысты, әдемі ойын көрсетті, Көрермендер үшін де қызықты болды деп ойлаймын. Қарсыластар да, біздің команда да өте жақсы ойнады. Финалда біз сәл ғана басымдық танытып, жеңіске жеттік. Біздің құрама Өскемен қаласындағы 38-гимназия мен №12 мектеп-гимназиясының оқушыларынан жасақталған. Жігіттер алдағы уақытта да үлкен белестерді бағындырады деп сенемін.

Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен ақшалай жүлделер табысталды. Турнир қортындысы бойынша 14 жасқа дейінгі командалар арасында «Торнадо» 1 орынды иеленсе, «Ульбинка» 2 орынға тұрақтады. КШТ командасы үздік үштікті түйіндеді. Ал 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында «Устинка» командасы жеңімпаз атанып, «Ульбинка» күміс жүлдеге қол жеткізді.

Нұртас Қайролдаев