Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған жиын өтті. Кездесуге мемлекеттік органдардың басшылары, қала мен аудан әкімдері, мәслихат депутаттары және қоғам қайраткерлері қатысты. Жиында мемлекеттік басқару жүйесі мен жалпы қоғам үшін маңызды болатын негізгі өзгерістер мен олардың мәні талқыланды.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына 130 адам енген. Олардың қатарында облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков пен қоғамдық кеңес төрағасы Аяужан Әшімова бар. Облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, Ата Заңға өзгеріс енгізу - мемлекет негізіне және қоғамдық келісімге тікелей қатысты маңызды мәселе. Сондықтан жиын жабық «тар шеңберде» емес, ашық әрі жария форматта өтуде.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Комиссия ұсынған өзгерістердің ауқымы мен мазмұнын ескере отырып қазіргі заман талабына сай, қоғамның қажеттіліктеріне, мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына сай келетін ҚР Конституциясының жаңа редакциясын қабылдау орынды, әрі негізді деп есептеймін.

Жаңа Конституция жобасы қоғамның сұранысы мен заман талаптарына сай әзірленген, мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртуға бағытталған, жаңа мазмұн мен мағынаға ие маңызды құжат. Ата Заңда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені нақты бекітілген. Ұсынылып отырған жобада кіріспе, 11 бөлім және 95 бап бар.

Аяужан Әшімова, ШҚО Қоғамдық Кеңесінің Төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі:

Конституцияға өзгеріс енгізу мемлекет негізіне және қоғамдық келісімге тікелей қатысты мәселе. Сондықтан оны жабық форматта немесе тар шеңберде талқылауға болмайтыны анық. Сол себепті осы комиссияның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданған екен, өздеріңіз көріп отырсыздар, тікелей эфирде барлық отырыстар көрсетілуде, сонымен қатар Конституция мәтіні жарияланып барлығымыз танысып жатырмыз.

Комиссия Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтитын 77 бап бойынша ұсыныстарды қарады. Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесі қолдау тапты.

Түсіпхан Түсіпбеков, Қоғам қайраткері:

Халқымыздың өмірін, оның денсаулығын, оның еңбек етуін, еңбекақы алуын тіпті жалпы өмір сүруінің басты құжаты. Барлығына жағдай жасайтын құжат. Сондығыменде Конституцияның құндылығы бүгінгі күнде зор.  

Айдос Әділбеков, Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

Жаңадан қабылданатын тарихи құжат, оның өміршеңдігі және оның нақты іске асуы алдағы жылдары мына біздер жастар өз көзімізбен көріп тікелей сезінеміз. Бұл бастама елді құқықтық тұрғыда жаңғыртып қана қоймай тұтас мемлекеттік жүйені қайта құруға бағытталған жаңа құжаттың қалыптасқанын көрсетеді. Жаңа Конституцияны талқылау жұмыстары ашық форматта ұйымдастырылып әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілуде. Бұған біздің жастарымыз өте белсенді қатысуда.

Жиын соңында облыс әкімі елдің өркендеуі, әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды қалыптастыру баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті. Басқосуға қатысушылар Конституциялық реформаларды бірауыздан қолдайтындарын білдірді.

Бекарыс Секен