Президент Қасым – Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту ел экономикасының тұрақты өсімі үшін басты бағыттардың бірі екендігін айтқан еді. Жол саласы үшін бұл – нақты бағдар: тек жол салумен шектелмей, өңірлер арасындағы байланысты және Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүйелі түрде күшейту қажет. Республика көлеміндегі автокөлік жолдарын дамыту — Мемлекет басшысы айқындап берген экономикалық реформалардың күре тамыры. Бүгінде бұл бағытта тек сандық емес, сапалық өзгерістерге басымдық берілуде. Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстырушы көпірге айналуда. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жататындықтан, биыл аталған бағыттағы 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылыс жұмыстарын да биыл бастауға тапсырма берді. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады. Себебі бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі. Ал, облыста 2025 жылы өңірде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының шамамен 300 шақырымы қайта жаңғыртылды. Бұл – ондаған жылдар бойы жөндеуді күткен бағыттар. Бүгінде олар жол қауіпсіздігіне, халықтың қатынауына және шекара маңындағы аудандардың экономикалық белсенділігіне тікелей әсер етіп отыр.

Әділет Жампейісов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚОФ директорының орынбасары:

Еліміздің транзиттік жүйесінің дамуында халықаралық және өңіраралық көлік дәліздерінің маңызы ерекше. Сондай тасжолдардың бірегейі Омбы – Майқапшағай және Алматы – Өскемен бағытындағы трассалар болып табылады. Бұл жолдар былтырғы жылы қайта жаңартудан өтіп, жол қысқарды, көлік оқиғаларының саны азайып, ішкі және мемлекет аралық тасымалдардың тұрақты қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы сондай-ақ «тар орындарды» жою қажеттігін атап өтті. Сол бағытта облысымызда ең күрделі нысандардың бірі – Осинов асуының айналма жолы қазіргі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба күрделі таулы аймақта орналасқан. Қазір құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.