Облыстық әкімдікте кезекті жиын өтті. Әлеуметтік сала бойынша өткен жылдың қорытындысы талқыланды. Бұл бағытта 55 ұйым жауапты жұмыс істейді. Үш мыңнан аса маман халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олардың басты мақсаты – арнаулы әлеуметтік көмек көрсету мен нәтижелі жұмыспен қамту. Сонымен қатар, басқосуда биыл жүзеге асатын түрлі жобалар да сөз болды.

Былтыр сала бюджеті барлық қаржыландыру көздерінен 32 миллиард 201 миллион теңгеден асты. Қаржының басым бөлігі облыстық бюджеттен бөлінген. Ерекше қажеттілігі бар жандарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету - басты назарда. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында жүздеген азамат кәсіпкерлікке бағыт алып, жаңа мамандықтарды игерді.

Альмира Мусинова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

Бізде ең бірінші көрсеткішіміз осы жұмыспен қамту саласындағы халықтың әл-ауқатын жақсарту, халықты жұмыспен қамту. Жұмыспен қамту өңірлік жұмыс беру картасымен бекітіледі. Былтыр біз 28 мыңнан астам жұмыс орындарын құрып, адал азаматтарды, жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа орналастырып, жоспар 101 пайызға орындалды.

2025 жылы субсидияланатын жұмыс орындарына 5 918 адамды орналастыру жоспарланған. Жыл басынан бері бұл меже 95 пайызға орындалып, 5 604 азамат тұрақты табыс көзіне ие болды. Соның ішінде «Күміс жас» жобасы арқылы 1 435 азамат еңбекке тартылса, 1 153 жас маман алғашқы жұмыс орны мен жастар практикасына жолдама алды. Ал қоғамдық жұмыстарға 3 мыңнан астам тұрғын өз үлестерін қосуда.

Альмира Мусинова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

2026 жылға біз 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа орналастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Әрине әлеуметтік саланы жұмыспен қамту мәселелерінің проблемалары жүреді. Көп балалы аналарға көмек көрсету, мүгедектігі бар жандардың техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету осындай жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Биыл облыста өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 17 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін 3205 адам мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жолданады. Бұл бастамалар жұмыссыздық мәселесін шешіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ, "Шығыс шақырады" өңірлік бағдарламасы қарқынды іске асырылуда. Бұл жобаның тиімділігі бағаланған соң, оның ауқымын кеңейту көзделуде.

Аяулым Усинова