Үкіметте Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік дамуы талқыланды. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Басқосуға өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен салалық министрлер қатысты.

Алдымен баяндама оқыған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аймақтың бұл салада әлдеқайда жоғары көрсеткішін атап өтті. Мәселен, соңғы бір жылда туберкулезбен ауырғандар көрсеткіші 7,1%-ға, қант диабетіне шалдыққандар 9,6%-ға төмендеген, ана өлімі тіркелмеген.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Былтыр мысалы, 11 объектіні 3,6 млрд теңгеге жөндегенбіз. Биыл сондай 9 объектіні 1,8 млрд қарап отырмыз. Келесі сессияларда қосымша қаржыларды бөліп, ВИЧ инфекциясына арналған ғимарат, басқа да күрделі жөндеуден өткіземіз.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде аймақтағы жоғары оқу орындарындағы студенттер саны соңғы үш жылда 31% -ға артқанын, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін өңірде жаңа мамандықтар атласының құрылғанын жеткізді. Бұл карта энергетика, ядролық физика, авиация, педагогика және өзге де салалардағы кадр тапшылығы мен еңбек нарығының сұранысын жинақтайды. Нәтижесінде мамандар нақты экономикалық қажеттіліктерге қарай дайындалады. Сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы Лу Бань шеберханасының жұмысы жоғары бағаланды. Ғылымды дамыту үшін де біршама шаралар қолға алынған. Бүгінде аймақта Ғылым жөніндегі кеңес құрылып, оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жетекшілік етеді. 2024-2025 жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі 3 есеге артты. Инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы өңір педагогтарының жұмысы үздіктердің бірі ретінде танылып, инклюзияға арналған кадрлар даярлайтын мамандандырылған факультет ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мектепке дейінгі білім беру саласында аймақ көшбасшылар қатарында: 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Білім беру ұйымдарындағы тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі. Бүгінгі күні көп балалы отбасылардың ішіндегі атаулы әлеуметтік көмек алатын балаларға сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен отбасылардың балаларына да беруіміз қажет. Міне осы жерде жан басына шаққандағы орташа табысты есептеудің бірыңғай тәртібі жоқ болып отыр. Қандай табыс түрлері ескерілетіні, ақпарат көздері нақты белгіленбеген.... Жақсы болар еді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Президенттің аймақта «Артек» балалар орталығын ашу бойынша тапсырмасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуді сұрады. Сөз соңында Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл ұсыныстардың жіті қаралатынын айтып, Шығыс Қазақстанда Мемлекет басшысының реформаларына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуді және халықтың өмір сапасын жақсарту бағытындағы шараларды ары қарай жалғастыруды тапсырды.

Қымбат Иманғали