Облыс орталығында дәстүрлі «Vipusknik.kz – 2026» республикалық білім көрмесі өтті. Көрмеде жас талапкерлер елдегі жоғарғы оқу орындарының негізгі талаптарымен танысып, таңдаған мамандықтары бойынша қажетті ақпарат алды. Шараға өзге өңірлердегі университет өкілдері де қатысты.
«VIPISKNIK.KZ порталы жеті жылдан астам уақыт талапкерлерге кәсіби бағдар беріп келеді. Республикалық білім көрмесі биыл екінші рет ұйымдастырылуда.
Светлана Бейсембаева, Республикалық «VIPISKNIK.KZ» порталының басшысы:
Бүгінгі шараға Алматы, Астана, Өскемен, Семей, Қарағанды қалаларынан келген жоғары оқу орындарының өкілдері қатысуда. Жалпы саны 18 білім ордасы офлайн форматта бес мыңнан астам талапкерге кеңес береді. Сонымен қатар шалғай аудандардағы түлектерге онлайн форматта да қызмет көрсетеміз. Бұл жастардың мамандықты дұрыс таңдауына және өңірге қажетті болашақ кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.
Шараға жоғары оқу орындары мен колледждер де қатысты. Жыл өткен сайын 9 сыныптан кейін орта білім алуға ниетті оқушылардың қатары да артқан.
Әйгерім Жасанова, Қ. Нұрғалиев атындағы жоғарғы колледжінің өкілі:
Бүгінгі шараға көп рахмет айтқым келеді. Мен ойлаймын бұл шарадан кейін біздің колледж туралы түлектер біледі және сол түлектерге бүгін көптеген мәлімет беріп өтсек олардың да біз туралы танып, Бізге келеді деген ойдамын.
Білім көрмесіне арнайы келген Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өкілдері талапкерлерге техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша ақпарат берді.
Нұрлан Айтбаев, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің маркетинг және PR Департаментінің директоры:
Киелі шығыс өңіріне республикалық білім көрмесіне келіп қатысудамыз. Жалпы 70 жылдық тарихы бар Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде 47 білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды даярлау барысындамыз. Яғни таңдау пәні Физика-математика, математика-информатика, математика-география, хим-биология, хим-физика және шығармашылық бағыт бойынша. Жалпы бұл республикалық көрмеге қатысуымыздың мақсаты еліміздегі өңірлердегі түлектерді орталықтағы осы біздің жоғарғы оқу орына тарту бойынша. Енді шығыс өңірі еліміздегі техникалық өндіріс саласы болғандықтан осы шығыс өңірінің тұлектері біздің Сағынов университетінде білім алып, өз қалаларында еңбек етулеріне мүмкіндік орасан зор десек те болады.
Өңірде авиация саласына сұраныс артып келеді. Қазіргі таңда Зайсан мен Катонқарағайда әуежай құрылысы жүріп жатыр. Сондықтан азаматтық авияция академиясы өкілдерінен бұл салаға қызығушылық танытқан оқушылар қажетті мағлұматты алуға тырысты.
Ботакөз Абылқасымова, Азаматтық авиация академиясының рекрутинг және жұмысқа орналастыру орталығының басшысы:
Бұл көрмеде Азаматтық авиация академиясын таныстырып отырмыз. Мұндай алаңдар біз үшін өте маңызды. Себебі академиямызда өңірлік жастардың білім алғанын қалаймыз. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында әуе инфрақұрылымы дамып келеді, жаңа әуежайлар салынуда. Сондықтан осы өңірден шыққан түлектер болашақта өз аймағында еңбек етіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар.
Талапкерлер осындай білім көрмесінің берері мол - дейді. Себебі, түрлі университет талаптарымен танысып, өздері таңдаған мамандық бойынша жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік бар.
Елдар Еркін, мектеп оқушысы:
Осы білік көрмесіне пилот арманым болғандықтан келіп отырмын. Сұрап шықтым, сұрақтарым бойынша өтіп шықтым. Пилот болу үшін ҰБТ балы маңызды емес екен. IELTS 5.0 кем болмауы керек. Негізінен авияцияны таңдауым, ол менің ағамның, мамамның бауырының жұмысы өте ұнайды өмірі, айтып жатқан қызықты әңгімелері үлгі болды маған.
Алина Хижняк, мектеп оқушысы:
Бұл көрмеге арнайы келдім, мұнда университеттер өте көп. Мен архитектура мамандығын таңдадым, сондықтан осы бағыттағы оқу орындары қызықтырды. Алдағы уақытта Алматыға оқуға түскім келеді. Жалпы, мұндай көрмелер түлектер үшін өте ыңғайлы әрі пайдалы. Көп ақпарат алдық. Бұрын шығармашылық мамандық таңдағым келгенмен, нақты қайсысына барарымды білмедім. Анам архитектор болғандықтан ақылдасып, архитекторлыққа тоқтадым. Бұл салада дизайнер, веб-дизайнер болуға да мүмкіндік бар. Университеттерде оқу барысы мен артықшылықтары туралы толық түсіндіріп берді.
«Vipusknik.kz – 2026» білім көрмесі талапкерлерге өз болашағын жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады.