«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында Өскемендегі «Көлік және өмір қауіпсіздігі» колледжінің студенттерімен жиын өтті. Шараны Облыстық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Мамандардың айтуынша, бүгінде өңірде интернет алаяқтық деректері тыйылмай отыр.

Елімізде заң мен тәртіптің қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі орасан зор. Мамандар жастарға құқықтық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңінен ақпарат берді.

Нұрай Арыстанбек, Облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

Қазіргі таңда егерде ағымдағы жылдың қаңтар айындағы статистикаға тоқталатын болсақ, облыс аумағында 50-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Соның ішінде дропперлікпен айналысатын жастар өте көп Қазақстан аумағында. Сол себпетен ондай қылмыстардың, кибербуллингтің алдын алу мақсатында осындай өте үлкен шаралар өткізіп жатырмыз.

Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Жастар мұндай шаралардың құқықтық сауаттылықты арттыруда маңызы зор екенін айтады.

Санжар Дидарбек, колледж студенті:

Әрбір азамат заңға адал қарап, оның талаптарын толық орындауы тиіс деп ойлаймын. Сонымен қатар, әр азамат мемлекет жүктеген барлық міндеттерді жауапкершілікпен атқаруы қажет. Біздің колледжде бұл бағытта түрлі шаралар жиі ұйымдастырылады. Бұл жұмыс жақсы жолға қойылған. Өзім де заң тақырыбында ұйымдастырылған шараларға жиі қатысамын. Жуырда колледжіміздің студентімен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы слетке қатыстым. Онда түрлі байқаулар өтті. Мен спикинг бағыты бойынша өнер көрсетіп, адалдық пен еліміздің саясаты туралы баяндама жасадым.

Мұндай кездесулер жастар арасында заңға деген құрметті арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай диалог алаңдарын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Фатима Тілейханқызы