Өскеменде қалың қар мен ауа райының тосын мінез танытуына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолақтарды тазарту жұмыстары қарқынды. Сала мамандары қаланы қардан уақытылы тазарту мақсатында тәулік бойы жұмыс істеуде.
Қала көшелерін қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Қозғалысқа кедергі келтірмеу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы техника күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Алайда қарлы боран мен екпінді жел көлік қозғалысын қиындатып отыр.
Евгений Пискарев, Өскемен қ. әкімдігінің №1 аумақтық басқару орталығының директоры:
Аталған аумақта жолды күтіп ұстау жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Географиялық ерекшеліктер мен тұрақты соғатын желдің салдарынан кейде қар жаумаса да, жол бойында үйінділері пайда болады. Осындай жағдайларда арнайы техника тәулік бойы жұмыс істеп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салады. Дегенмен, жол жиегіне қойылған көліктер қар тазалау жұмыстарына кедергі келтіріп, техниканың еркін қозғалуына қиындық туғызады.
Коммуналдық қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі – жол жиегі мен қосалқы көшелерге қойылған автокөліктер. Мұндай жағдайда арнайы техника еркін қозғала алмай, қарды дер кезінде тазалау және шығару жұмыстары тежеледі.
Рустам Башиков, тиегіш машинисі:
Қалада қозғалыс үздіксіз жүріп жатыр – көшеде жаяу жүргіншілер де, көліктер де көп. Сондықтан тазалау жұмыстары кезінде қауіпсіздік үшін ескерту белгілерін орнатып жұмыс істейміз. Көп жағдайда жүргізушілер түсіністік танытады. Жұмыс көлемі ауқымды болғандықтан, коммуналдық қызмет мамандары күндіз де, түнде де еңбек етуде. Негізгі мақсат – жолдарды мүмкіндігінше тез тазалап, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету.
Қар тазалау жұмыстарына 747 маман мен 90 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Қала әкімінің тапсырмасымен жеке тұрғын үй секторына қосымша 15 техника тартылды. Қазіргі уақытқа дейін көшелерден 70 мың текше метр қар шығарылды. Тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Нұртас Қайролдаев