Өскеменде Ұлттық домбыра күнінде мерекелік концерт өтті. Салтанатты кешке зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары мен қала тұрғындары жиналды. Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, өңір тұрғындарын мейраммен құттықтады. 

«Амфитеатр» алаңында өткен концертте облыстық филармонияның өнерпаздары мен Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Көрерменге қазақтың дәстүрлі күйлері, халық әндері және ұлттық музыка өнерінің үздік туындылары ұсынылды. Аймақ басшысы домбыра – халқымыздың рухани дүниесін, өмірлік философиясын, ерлік шежіресін және ұлттық болмысын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан асыл мұра екенін атап өтті. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Өткен жылы ғана біз облысымызда айтыс мектебін аштық. Бұйыртса, жыр мекетбін ашу да жоспар да бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жолы – төл мәдениетімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеу деген болатын. Ендеше, осы добырамыз – асыл құндылықтардың алтын арқауы екенін білгеніміз жөн. 

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде ұлттық мұраны дәріптеу, жастардың бойына өнерге, туған жерге және ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Шалқар Рысханов, Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері:

Қос ішектен төгілген күй күмбірі, әуелеген әннің бәрі осы тек ғана қазақтың емес, әлемдік деңгейде үлкен мәдениетіміздің жоғарылығын көрсетіп, сан ғасырлық ұлтымыздың бет-бейнесін көрсеткендей. Сондықтан, бұл еліміздің руханиятымен қатар, елдің халықтың бірлігінің мығым болуына өзіндік септігін тигізетіні белгілі. 

Концертте қазақтың күмбірлеген күйлері мен халық әндері орындалып, таңдаулы шығармалар көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік кеш ұлттық өнерді ұлықтап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. 

Фатима Тілейханқызы