Негізгі Жаңалықтар ШҚО мен Беларусь: ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

ШҚО мен Беларусь: ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Могилев облыстық атқару комитетінің төрағасы Анатолий Исаченко бастаған Беларусь делегациясымен кездесті. ШҚО әкімдігінде өткен кездесуге облыстық басқармалардың басшылары, мәслихат пен әкімдік өкілдері қатысты. Тараптар өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.

Әңгіме сауда-экономикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы болды. «Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас достық әрі конструктивті сипатта. Бүгінде оларды өңіраралық деңгейде нақты мазмұнмен толықтыру маңызды – кәсіпорындар арасындағы тікелей байланысты кеңейтіп, жаңа өзара іс-қимыл бағыттарын тауып, бірлескен жобаларды іске қосу қажет», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара достық әрі сындарлы қарым-қатынас нығайып келеді. Бүгінде бұл ынтымақтастықты өңіраралық деңгейде толықтыру маңызды. Ол үшін кәсіпорындар арасындағы тікелей байланысты нығайтып, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажет.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективалы бағыттардың бірі. Былтыр Шығыс Қазақстанның Беларусьпен сыртқы сауда айналымы 9,2 млн долларды құрады. Биыл қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 4,13 млн долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өсті. Экспорт көлемі 65%-ға артып, 1,31 млн долларға жетті. Қазақстан Могилёв облысының негізгі бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Өз кезегінде Могилёв облыстық атқару комитетінің төрағасы Анатолий Исаченко ауыл шаруашылығына арналған машина жасау және заманауи техника өндірісін перспективалы бағыттар ретінде қарастырып отырғандарын атап өтті. 

Анатолий Исаченко, Беларусь Республикасы Могилев облыстық атқару комитетінің төрағасы:

Ауыл шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі және балық шаруашылығы – нақты жобаларды айқындауға болатын бағыттар. Сондай-ақ шығысқазақстандықтар үшін беларусьтік лифтілер құрылысы бойынша біздің мүмкіндіктер мен ресурстарды қарастыруды ұсынамыз.

Кездесуде екі өңір кәсіпорындары арасында тәжірибе алмасып, тікелей байланыс орнатуға ерекше мән берілді. Осыған байланысты екіжақты келіссөздерді жандандыру, бизнес-миссиялар мен іскерлік делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыру ұсынылды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері қаралды. Шығыс Қазақстан облысында 1700-ге жуық белорус ұлтының өкілі тұрады. Бұл өңірлер арасындағы мәдени және қоғамдық байланыстарды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды әзірлеу және тікелей өңіраралық байланысты нығайту жұмыстарын жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар