Негізгі Жаңалықтар «WHITE PARTY OSKEMEN» фестивалі өтті

«WHITE PARTY OSKEMEN» фестивалі өтті

Өскеменде қала күніне орай «WHITE PARTY OSKEMEN 2026» фестивалі өтті. Жазғы мерекенің сәнін келтірген шараға қала тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысты. Ақ түсті киім үлгісімен ерекшеленген кеште заманауи музыка әуені шырқалып, түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. 

«WHITE PARTY OSKEMEN» фестивалі облыс орталығында бесінші рет ұйымдастырылды. Мерекелік шараға келушілердің қарасы да қалың. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі ойын-сауық алаңдары, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, фуд-корттар әзірленген. 

Адина Болатханова, қала тұрғыны:

Ия мен осы жерге ең алғаш рет келдім. Бұл жердің қызықтысы барлығы аппақ болып киінеді. Тұрлі жәрмеңкелер мен аниматорлар қатысады. Олардың барлығы қызықты. 

Мерекелік шараға қолөнер шеберлері де қатысты. Өз бұйымдарын ұсынғандардың қатарында — Елена Иванова да бар. Ол лазерлік кесу өнерімен 15 жылдан бері айналысады. 

Елена Иванова, лазерлік кесу шебері:

Осы сандықшаны мысалға ала отырып, оны қалай жасайтынымды айтып өтейін. Алдымен ағаш шереден бұйымның үлгісін дайындап, компьютерде сызбасын жасаймын. Кейін лазермен кесіп аламын. Одан соң тегістеп, желімдеп, арнайы бояумен өңдеп, соңында қолмен өрнектеп шығамын. Әр туынды мен үшін ыстық.

Фестиваль аясында балаларға арналған арнайы аймақта ашық аспан астындағы кинотеатр да ұйымдастырылды. Күн батқан соң көпшілік назарына «Мадагаскар» және «Зверобой» мультфильмдері көрсетілді.

Руслан Абдрасулин, «WHITE PARTY OSKEMEN 2026» фестивалінің ұйымдастырушысы:

Біз бұл шараны отбасылық фестиваль деп атаймыз. Негізгі мақсатымыз — балаларымен бірге келетін отбасыларға жақсы көңіл-күй сыйлау. Сол себепті арнайы балаларға арналған аймақ ұйымдастырдық. Мұнда аниматорлар жұмыс істеп, түрлі ойындар мен қызықты бағдарламалар ұсынылады. Ал негізгі сахнада концерт өтіп, арнайы шақырылған өнерпаздар өнер көрсетеді.

Кештің көркін қорытындылаған — ауқымды концерт. Сахнада қазақстандық және ресейлік танымал өнерпаздар өнер көрсетіп, көрерменге әуезді ән мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша, «WHITE PARTY OSKEMEN 2026» фестивалі жарқын концерттік бағдарламамен түйінделді.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу

Аймақтық телеарналар