Татулықты ту еткен форум
Сібе көлінің жағасында «Бірлік пен келісім» атты конфессияаралық форум өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға өңірдегі 11 конфессияның өкілдері қатысты. Жиында қоғамдық келісім, өзара түсіністік пен бейбітшілікті нығайту мәселелері талқыланды.
Өңірде конфессияаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Ұлан ауданындағы Сібе көлінің жағасында конфессияаралық форум өтті. Шара барысында дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, өзара түсіністік пен бейбітшілікті нығайту мәселелері сөз болды. Форумға түрлі конфессия өкілдері қатысып, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың маңызын атап өтті. Осы шараның өтуіне ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы, дінтанушы Жасұлан Жомартқанов мұрындық болды.
Жасұлан Жомартқанов, «ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім маманы:
Мемлекеттің дін саласындағы саясатын тиімді жүргізу, бұл еліміздің тұрақтылығы және ұлтымыздың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Президентіміз айтқандай біздің басты байлық бұл мемлекетіміздің қоғамдық келісім мен конфессияаралық тұрақтылық. Бүгінгі таңад ШҚО өңірінде бірлік пен келісім форумының өткізілу негізгі мақсаты – бұл еліміздің конфессияаралық толеранттылықты дәріптеу мақсатында.
Форум аясында «Қоғамдық келісім мен бейбітшілік – біздің ортақ құндылығымыз» тақырыбында пікір алмасу ұйымдастырылды. Оған түрлі конфессия өкілдері қатысты. Қатысушылар табиғат аясында бас қосып, киіз үйде өткен дөңгелек үстелде қоғамдық келісім мен өзара сыйластықтың маңызын талқылады.
Севастиан Иеромонах, шіркеу қызметкері:
Бүгінгі форум барлық конфессиялар үшін өте маңызды. Барлығы жақсы өтуде. Біз көптген мәселердің шешімін табуға тырысып жатырмыз. Ол рухани тәрбие, бірлік және бейбітшілік жайлы мәселелер. Себебі бұл Қазақстанымыздың басты ерекшеліктері. Бірлік бар жерде – тірлік бар.
Іс-шара барысында татулық пен бірліктің символы ретінде ерекше шығармашылық акция ұйымдастырылды. Әртүрлі конфессия өкілдері түрлі түсті бояуға алақандарын малып, ортақ ақ матаға іздерін қалдырды. Осылайша әр адамның өзіндік ізі бір арнада тоғысып, бірлік пен өзара сыйластықты бейнелейтін ерекше туынды дүниеге келді.
Олжас Мұратұлы, «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы:
Осы жиында көптеген мәселелер қозғалды. Негізгі бір қозғалған мәселе – бейбітшілік,бірлік жайлы , дінаралық бейбітшілік, , осы қоғамға, еліміз үшін қандай бір үлесін қоса алады, сол жайлы сөздер қозғалды.
Мұндай бастамалар қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, түрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға бағытталған. Мемлекеттің дін саласындағы саясатын тиімді жүзеге асыру – ел ішіндегі тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды кепілі. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің басты байлығы – қоғамдық келісім мен конфессияаралық татулық.
Бекарыс Әмірбек